Қарағандылық дзюдошылардың жарқын жетістігі

Алматы қаласында 23 жасқа дейінгі жастар арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған жүздеген жас татами шеберлері өзара мықтыны анықтап, тартысты бәсекелер көрсетті. Бұл сынға 500-ге жуық спортшы қатысып, олардың ішінде Қарағанды облысының 23 жас спортшысы да бақ сынады.

Қарағандылық дзюдошылар жарыс қорытындысы бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Олар қоржынға бес бірдей жүлде салды: екі алтын, екі күміс және бір қола медаль.

Жекпе-жектер барысында Қарағанды облысының намысын қорғаған Аида Тойшыбаева мен Шерхан Алтанов сенімді өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Дзюдошылардың бұл жеңісі команданың абыройын асқақтатып, жанкүйерлерді қуантты. Сонымен қатар, күміс жүлдені Дінасыл Таттымбек пен Ақжол Дүйсенбаев иеленсе, қола медаль Диас Таңатханға бұйырды.

Команданың аға жаттықтырушысы Қайрат Жұмабек шәкірттерінің жетістігін жоғары бағалап, жарыс туралы ойын ортаға салды.

– Барлық белдесулер тартысты өтті. Әр өңірден келген қарсыластарымыз осал болмады. Жалпы алғанда біздің спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Жаттықтырушы ретінде олардың өнеріне көңілім толады. Әрине, кейбір спортшылардан көбірек нәтиже күткенім рас. Мәселен, Ақжол Дүйсенбаев өз салмағында алтынға қол жеткізеді деп сенген едім. Дегенмен, спорт деген осы – жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Бұл жолғы тәжірибе келесі жарыстарда үлкен жетістіктерге бастайтынына сенемін, – деді ол.

Чемпионаттың жалпы қорытындысында бірінші орынға Түркістан облысының спортшылары ие болды. Олар үш алтын медальмен көш бастаса, қарағандылықтар екінші орыннан көрінді. Ал үздік үштікті Алматы облысының құрамасы түйіндеді.

Бұл жарыс жас дзюдошыларға тәжірибе жинап, шеберліктерін шыңдауға үлкен мүмкіндік берді. Әсіресе, Қарағанды облысының жастарының көрсеткен өнері аймақ спортының қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдеді. Алда оларды халықаралық додалар күтіп тұр. Жерлестеріміз сол аламандарда да жеңіс жалауын желбіретіп, ел намысын абыроймен қорғайды деген сенім мол.

Ералы ҒАНИ,

«QH»