Қарағандылық боксшылар үздіктер қатарында

Астанада бокстан World Boxing әлем чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасы барлық салмақта бақ сынап, он алты медаль жеңіп алды. Жарысқа 30дан аса елден 300ге жуық спортшы қатысты. Жалпы командалық есепте бірінші орын алған құрамамыз 8 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль иеленді. Ұлттық құрама сапында додаға қатысқан 3 боксшымыз Қарағанды өңірінің тумасы. Олар 75 кг салмақ дәрежесіндегі Сабыржан Аққалықов, 70 кг салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов және 65 кг салмақтағы аруымыз Аида Әбікеева.

Жерлестеріміздің бұл турнирдегі жүріп өткен жолына тоқталсақ:

Жарыстың алғашқы күнінде рингке шыққан Абылайхан Жүсіпов күтпеген жерден жеңіліс тапты. Екі раундтың есебі бойынша жеңіп келе жатқан Абылай қабағының жарақаттануына байланысты дәрігерлер ары қарай жұдырықтасуға рұқсат бермеді. Төрешілер шешімімен жеңіс қырғыз бокшсына берілді. Осылайша Абылайдың бұл турнирдегі жорығы ерте аяқталды.

Ал 65 келіде Аида Әбікеева турнирдің қола медаль иегері. Алғашқы жекпе-жегінде әлем кубогының жеңімпазы Дионе Бурманы жеңіп ширек финалға жолдама алды.  Ал ширек финалда кәріс қызы Сукйонг Кангты бірінші раундтың өзінде нокдаунға түсіріп, кейінгі раундтарда шабуылда ширақ, қорғаныста мығым жұдырықтасып айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда олимпиада чемпионы түркиялық Бусиназ Сурменалиге есе жіберіп, қола жүлдегер атанды. Айта кетейік, Әбікеева 2024 жылғы Азия чемпионы, бұған қоса осы жылы Сербия елінде өткен әлем чемпионатының жеңімпазы.

– Бүгін өзімнің ринг сыртындағы құрбым түркиялық бокшымен жекпе-жек өткіздім. 63 кг салмақта жұдырықтасатын болғаннан кейін, 65 кг мен үшін жаңа салмақ болып саналады. Сондықтан кішігірім физикалық тұрғыдан жетіспеушіліктер болды. Бар қателіктеріммен жұмыс жасап, келесі додаларға дайындалатын боламын, – деді Аида Әбікеева.

Жастар арасында әлем чемпионы, 2024 жылғы ел біріншілігінің жеңімпазы. Соңғы рет Eindhoven Box cup турнирінде үздік үштікті түйіндеп, қола медаль еншілеген Сабыржан Аққалықовтың бұл әлем кубогындағы бірінші жекпе-жегінде канадалық Офори Жошуаны жеңіп келесі кезеңге өтті. Жартылай финалда үндістандық Нихид Дубейді жеңіп ақтық сыңға жолдама иеленді. Ал финалда болгариялық Рами Киванды айқын басымдықпен жеңіп, турнирдің алтын жүлдегері атанды.

– Спорт сарайындағы жанкүйерлердің қолдауы қатты сезілді. Әрбір қарсыласыма бапкеріммен бірге тактика құрып, тиянақты дайындалдық. Финалда үндістандық боксшымен арақашықтықты сақтап жұдырықтастым. Бұл да алдын ала жоспарланған тактикалық тәсіл болды. Ринг сыртында қолдауын аямаған Абылайхан Жүсіпов ағама, барша халыққа алғысымды айтамын, – деді Сабыржан Аққалықов.

Әлем кубогын қорытындылаған ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов жалпы нәтижеге көңілі толатынын айтты. Осы турнирдің жеңімпаздары Ливерпульдегі әлем чемпионатына баратынын жеткізді. Осылайша Астанада өткен турнир өз мәресіне жетті. Жерлестерімізге жеңіс жолын жалғастыра беруін тілейміз!

Ералы ҒАНИ,

«QH»