Қарағандылық 17 жастағы теннисші Қазақстанның ересектер арасындағы чемпионатында тұңғыш рет топ жарды
Қарағандылық Әмір Омарханов алғаш рет ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.
Финалдық кездесуде ол Теміртаудың теннис мектебінің өкілі Григорий Ломакинмен кортқа шықты. Алайда алтын жүлде үшін тартыс ұзаққа созылған жоқ: алғашқы сетте Әмір айқын басымдық танытып, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда Григорий Ломакин арқа жарақатына байланысты ойынды жалғастыра алмады.
Жазғы чемпионаттың жеңімпазы Әмір Омарханов алғашқы ересектер турнирінен алған әсерімен бөлісті:
– Бұған дейін жасөспірімдер арасындағы чемпионаттарға қатысып, бірнеше рет жеңіске жеттім. Бұл – менің ересектер арасындағы алғашқы тәжірибем. Не күтіп тұрғанын білмедім. Өз ойынымды жақсы көрсетіп, лайықты деңгейде өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Енді Астанада өтетін Президент кубогының екі турниріне – челленджер мен ITF M15 жарыстарына қатысамын. Кейін Италиядағы жаттығу базама оралып, алдағы турнирлер күнтізбесін анықтаймыз, – деді теннисші.
ҚТФ баспасөз қызметінің ақпараты негізінде