Қарағандыда Жеңіс Парадына дайындық ретінде оқу-жаттығу ұшулары өтіп жатыр

Нұркен Әбдіров атындағы Қарағандыдағы 610-әуе базасында турбиналардың дауысы тынар емес. Мұнда еліміздегі ең маңызды оқиғалардың бірі – 7 мамырда Астанада өтетін Жеңіс Парадына дайындық қызу жүріп жатыр. Аспанға отандық авиацияның мақтаныштары – көпмақсатты Су-30СМ жойғыштары, оқу-жаттығу ұшақтары Л-39 және көпмақсатты Л-410 көтерілуде.

Таңертеңнен бастап экипаждар ұшып-қону мен аса күрделі әуе фигураларын орындау жаттығуларын жасауда. Ұшқыштар әр маневрді миллиметрге дейін дәл орындап, 7 мамыр күні Астананың аспаны Қазақстан ӘӘК-нің қуаты мен кәсібилігін көрсету алаңына айналуы үшін барын салуда.

– Біз үшін Парад – жай ғана техниканы көрсету емес, бұл – естелік, бұл – құрмет, бұл – азаттық үшін күрескендер алдындағы борыш. 7 мамыр күні көкке көз тіккен әр адам еліміз бен әскеріміз үшін мақтаныш сезімін сезінсе дейміз, – деді 50185 әскери бөлімінің штурман-ұшқышы лейтенант Нұрболат Молдабек.

Дайындық кесте бойынша жүріп жатыр, әр ұшу элементі автоматизмге дейін жеткізілуде. Әуе базасы басшылығының айтуынша, Парадқа еліміздің үздік, арнайы іріктеуден және даярлықтан өткен ұшқыштары қатысады. Жалпы, Парадтың әуе бөліміне ондаған әуе кемелері – жеңіл оқу ұшақтарынан бастап, ауыр жауынгерлік ұшақтарға дейін қатысады. Жеңіс Парады үш кезеңнен тұрады: сап түзеген бөлімдердің салтанатты шеруі, заманауи әскери техниканың көрсетілімі және соңғы көрініс – әуе шоуы.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»