Қарағандыда жұмыспен қамту саясаты жаңа қарқын алды
Қарағанды облысында жұмыссыздықпен күрес және халықты тұрақты табыс көздерімен қамту бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Еңбек нарығындағы оң өсім ең алдымен өндіріс саласының дамуы мен жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылуы арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды. Онда Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған кешенді шаралардың жүзеге асырылу барысы сөз болды.
Облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары қатысқан жиында жастар мен әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл мақсатта өңірде жұмыспен қамтудың өңірлік картасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған карта «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімі», «Күміс жас», «Алтын жас» жобалары мен кәсіптік оқыту және қайта даярлау бастамаларын біріктіреді.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар атап өткендей, биыл азаматтарға өз кәсібін ашуға немесе бар бизнесін дамытуға 225 грант берілген.
– Гранттарды бөлу және есеп тапсыру процесі толық автоматтандырылған. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жұмысқа орналастырудың ең тиімді тетіктерінің бірі – бос жұмыс орындар жәрмеңкесі болып отыр. Осындай шаралардың нәтижесінде биылдың өзінде 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімовтың айтуынша, жаңа өндірістік жобалар іске қосылған сайын қосымша жұмыс орындары ашылуда.
– Қазіргі таңда өңірде шағын және орта бизнес субъектілерін дамыту арқылы 2026 жылы мыңнан астам, ал 2027 жылы тағы 600-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады, – деді ол.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында 32 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған. Бұл көрсеткіш облыстағы еңбек нарығының белсенді дамып келе жатқанын дәлелдейді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз сөзінде аймақтың әлеуетін тиімді пайдалану және кәсіпкерлікті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажет екенін атап өтті.
– Жұмыспен қамту мәселесі – әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторы. Әр ауданда нақты жоспар болуы керек. Біз еңбек нарығын жаңа деңгейге шығару үшін бар мүмкіндікті пайдалануымыз қажет, – деді өңір басшысы.
Бүгінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен төмен. Жергілікті билік алдағы уақытта бұл деңгейді одан әрі төмендетіп, әрбір азаматтың еңбек етуіне жағдай жасауды басты міндет ретінде қарастырып отыр.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

