Қарағандыдағы сенбілік: қалаға 220 жаңа ағаш егілді
Қарағандыда сенбілік аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары өтті. Қала көшелері тазартылып қана қоймай, жаңа жасыл белдеулер де қалыптастырылды. Бір күн ішінде барлығы 220 түп ағаш егілді. Олардың қатарында терек, шырша, қарағаш және үйеңкі сияқты қала климатына бейім түрлер бар.
Қала әкімі Мейрам Кожухов сенбіліктің маңыздылығына тоқталып өтті.
«Біз жалпы бульвардың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігін қайта жаңғыртуды аяқтап жатырмыз. Яғни ортасындағы серуен аймағы емес, нақты жаяу жүргіншілер жүретін бөлігін. Бүгін осы аумақта ауқымды көгалдандыру акциясы өтіп жатыр. Шамамен 150 түп әртүрлі ағаш отырғызылады. Бұл жерлер арнайы көгалдандыру үшін бос қалдырылған», – деді ол.
Сенбілікке студенттер, түрлі ұйым қызметкерлері мен қарапайым қала тұрғындарын қосқанда 1500-ден астам адам қатысты. Олар көшелер мен аулаларды тазалап, шамамен 1 580 тонна қоқыс шығарды. Қазыбек би ауданында 150 түп ағаш егілсе, Әлихан Бөкейхан ауданында 70-тен астам ағаш отырғызылды.
Агроном, қоғам белсендісі Сәкен Келдібаев күзгі ағаш отырғызудың артықшылығын атап өтті.
«Күздік ағаш отырғызудың пайдасы – тамырлануы жоғары болады. Көктемде қар ерігенде ылғал жеткілікті, сондықтан көшеттер тез бейімделеді. Назарбаев даңғылында ағаштардың көбі кәрі, 90 жылдық тарихы бар. Сондықтан біз оларды көктемде де, күзде де жаңартып отырамыз», – дейді ол.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында жастар да белсенділік танытып, тікенқұмық, шие, мамыргүл мен бөріқарақат көшеттерін отырғызды. Мамандардың айтуынша, бұл түрлер Қарағандының табиғи-климаттық жағдайына жақсы бейімделген.
Қоғам белсендісі бұл шараның жастарға тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
«Жастарды шақырып, қалай ағаш отырғызу керегін көрсетіп жатырмыз. Ертең олар мұны өздері жасай алатын болады. Бұл – болашаққа жасалған қадам», – дейді Сәкен Келдібаев.
Әкімнің айтуынша, егілген көшеттерді ары қарай күтіп-баптау жұмыстары «Саябақтар басқармасына» жүктеледі.
«Ағаштарды отырғызуды өзіміз ұйымдастырып жатырмыз, көшеттер де, жұмыс та әкімдіктен. Ал күтіммен арнайы дайындықтан өткен мамандар айналысады. Ең бастысы – тек отырғызу емес, сол ағаштарды өсіру, баптау», – деді қала әкімі.
Жалпы қала бойынша сенбілік барысында 1 580 тонна қоқыс жиналды. Бұл жұмысты аудандардың мердігерлік ұйымдары қамтамасыз етті. Қазыбек би ауданында 150 ағаш егіліп, 180 тонна қоқыс шығарылса, Әлихан Бөкейхан ауданында 70 ағаш егіліп, 1 400 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Сенбілікке 2 000-ға жуық адам қатысты. Нәтижесінде Қарағанды көшелері тазарып қана қоймай, жасыл аймақтар да толықты. Қарағанды күн сайын таза әрі жасыл болып келеді. Бұл – қала тұрғындары мен биліктің ортақ еңбегінің жемісі.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»