Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне құжат қабылдау басталды
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2026—2027 оқу жылына 7-сыныпқа қабылдау үшін құжаттар қабылданып жатыр. Қарағанды облысындағы жалпы білім беретін мектептердің 6-сынып оқушылары 2026 жылғы 9 ақпанға дейін өтініш беріп, тегін оқытуды көздейтін «Өркен» білім беру грантына қатыса алады.
Өтініштер eGov.kz порталы арқылы немесе қағаз нұсқада НЗМ қабылдау комиссиясы арқылы қабылданады. Қабылдау уақыты – дүйсенбіден жұмаға дейін, сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, түскі үзіліс 12:30-дан 13:30-ға дейін.
eGov.kz веб-порталы арқылы қоса тіркелетін құжаттар:
— конкурсқа қатысуға өтініш және заңды өкілдің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) расталған келісім;
— құжат тапсыру сәтінде шетелдік білім беру ұйымдарында білім алып жүрген талапкерлер үшін оқу сыныбы, оқу/күнтізбелік жылы және анықтаманың берілген күні көрсетілген, мемлекеттік немесе орыс тіліндегі табельдің, анықтаманың немесе өзге де ресми құжаттың түрлі түсті электрондық көшірмесі не мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы;
— талапкердің цифрлық түрлі түсті фотосуреті.
Қабылдау комиссиясына қағаз түрінде тапсырылатын құжаттар тізімі:
— өтініш;
— сауалнама;
— талапкердің туу туралы куәлігінің көшірмесі;
— ата-ананың немесе заңды өкілдің жеке куәлігінің көшірмесі;
— 6-сыныптың бірінші жартыжылдығына арналған табельдің мектеп мөрі мен директордың қолы қойылған көшірмесі;
— көлемі 1 МБ-тан аспайтын, өлшемі 3×4 цифрлық фотосурет (фотосуретті қабылдау комиссиясында түсіруге мүмкіндік бар);
— құжаттарды сақтауға арналған пластик жылдам түптегіш.
Кешенді тестілеу 2026 жылғы 27 және 28 наурыз күндері өтеді.
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мына мекенжайда орналасқан: Кеншілер даңғылы, 62.
Байланыс телефоны: (8-7212) 50-78-55.


