Қарағандыдағы игі істер: жаңарған мектеп пен орталық жылуға қосылған елдімекен

Қарағанды қаласында оң өзгерістер қарқын алып келеді. Алпыс жылдан астам тарихы бар білім ордасы жаңғыртудан өтіп, заманауи келбетке ие болды. Сондай-ақ, Шахтёрский кенті отыз жыл бойы пешпен жылынған кезеңді артта қалдырып, екінші жыл қатарынан орталық жылу жүйесіне қосылып отыр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нысандарды аралап, атқарылған жұмыстардың барысымен танысты. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болып отыр.

Қарағандыдағы ең көне білім ордаларының бірі – ЖБИ ықшам ауданындағы №50 мектеп 63 жылдық тарихқа ие. Қазіргі таңда ғимарат толық жөндеуден өтіп, жаңа заманауи келбетке ие болды. Бірінші қабат жаңартылып, жаңа сыныптар, заманауи жиһаздар және оқытуға қажетті құрал-жабдықтар орнатылды, бұл оқушылар мен мұғалімдерге ыңғайлы және қауіпсіз оқу ортасын қамтамасыз етеді.

– №50 мектептің толық жаңартылуы – өңіріміздегі білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа сыныптар мен заманауи құрал-жабдықтар оқушыларға ыңғайлы оқу ортасын қамтамасыз етіп, олардың білім алуына мүмкіндік береді. Біз үшін әр баланың қауіпсіз әрі заманауи жағдайда білім алуына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев мектептер мен тұрғын үй саласындағы маңызды нысандарды аралап, жұмыстардың сапасын тексерді. ЖБИ ықшам ауданындағы №50 мектептің жанындағы қосымша ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда кең спорт залы мен заманауи асхана бой көтереді, нысан жақын арада пайдалануға беріледі. Шахтёрский кентінде әкімді тұрғындар ерекше ықыласпен қарсы алды. Бұған дейін олар пәтерлерін пеш пен электр жылытқыштарымен жылытуға мәжбүр болса, қазір орталық жылу жүйесі екінші маусым бойы толық жұмыс істеп тұр. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, 58 үй орталық жүйеге қосылды. Сонымен қатар, тұрғындарға үй ішіндегі жылыту желілерін жаңарту үшін пайызсыз несие алу мүмкіндігі берілді. Жұмыс сапары барысында Ермағанбет Бөлекпаев Пришахтинскідегі 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бақылап шықты. Бірінші қабатта қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған пәтерлер қарастырылған. Қазіргі уақытта нысанда өрт дабыл жүйелері мен көтергіш құрылғы орнатылып, мердігер аумақты абаттандыру жұмыстарын аяқтап жатыр. Сонымен қатар, республикалық «Жас ұлан» колледжінде курсанттарға арналған асхана мен казарманы жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Барлық құрылыс жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»