Қарағандыдағы экологиялық бастама

Қарағанды қаласының Орталық саябағында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында және Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылатын қалалық эко-хабтың қарсаңында экологиялық фестиваль өтті. Іс-шараның басты мақсаты қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғи ресурстарды үнемді пайдалану мен қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдерін халыққа кеңінен таныстыру болды. Фестивальді ECO Network экологиялық ұйымы ұйымдастырса, тапсырыс беруші ретінде Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы қолдау көрсетті.

ECO Network ұйымының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов шара барысында Қарағанды қаласының көп жылдан бері қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттап келе жатқанын атап өтіп, енді бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін тұрақты эко-хабтың іске қосылатынын айтты. Оның айтуынша, Алматы қаласында іске асқан үлгі Мемлекет басшысының жоғары бағасына ие болған, ал жыл сайынғы эко-фестиваль экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, өзге қалалардың тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік береді.

Биылғы фестивальдің ерекшелігі Қарағандыда алғаш рет енгізілген эко-коиндер жүйесі болды. Қайта өңделген пластиктен жасалған бұл «валюта» қатысушыларға арнайы аймақтарда экологиялық тапсырмаларды орындау арқылы беріліп, кейін түрлі бұйымдар мен экологиялық тауарларға айырбасталды. Сондай-ақ қонақтар пластикті велошредерлер арқылы ұсақтап, инжекторларда балқытып, телефон қойғыштары мен шырша ойыншықтарын өз қолдарымен жасауға мүмкіндік алды. Іс-шара соңында саябақта қайта өңделген пластиктен орындық орнатылып, ол экологиялық жауапкершіліктің нақты символына айналды.

— Бұл іс-шара қоғам үшін өте пайдалы деп ойлаймын. Бүгін оқушыларымызбен келіп, тапсырмаларды орындап эко-коиндер ұтып алып, өңделген тауарларға алмастырмақпыз. Біз оқушыларымызға әрқашан қоқысты сұрыптап тастауды, табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйретіп, ескертіп жүреміз, — деді іс-шараға келген 13-ші мектептің мұғалімі Бақтыгүл Шыныбаева.

Фестиваль аясында қалдықтарды басқарудың иерархиясы ұсынылып, тұтынуды азайту, қайта пайдалану, қайта өңдеу және тұрақты сән тақырыптары қамтылды. Келушілерге батарейкаларды қайта өңдеу үдерісі мен азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеудің үлгілері көрсетілді. Бұл тәжірибелер халық арасында үлкен қызығушылық тудырды, өйткені ECO Network жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде 30 мың респонденттің 99%-ы Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар бар екенін білмейтінін мойындаған.

ECO Network жобасы 2018 жылы Алматы қаласында құрылған. Бүгінде ұйым «Жасыл кеңсе», «Жасыл мектеп» және «Эко-Хаб» жобалары арқылы Қазақстанның 10 қаласын қамтыды. 2022 жылы ұйымның негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов Мемлекет басшысының қол қоюымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, 2024 жылы Президент оны жеке қабылдап, бастамаларына толық қолдау білдірді. Қазіргі таңда ECO Network сарапшылары министрліктер мен әкімдіктерге, сондай-ақ ТМД елдерінің мэрияларына кеңес беріп, экологиялық бағдарламаларды әзірлеуге атсалысуда.

Ералы ҒАНИ,

«QH»