Қарағандыдағы «Қазақфильм» күндері
Қаламызда еліміз бойынша жалғыз мемлекеттік кинотеатр бар, ол – «Сарыжайлау». Кинотеатрдың шығармашылық жұмысының басты бағыты –отандық киноөндірісінің өнімдерін насихаттау, киногерлер туындыларының көрерменге уақтылы жетуіне ықпал ету. Осы мақсатта «Қазақстан киносының Қарағандыдағы күндері» атты кинофестиваль ұйымдастырылды.
Бір апта бойы қарағандылық көрермендер бұрын да таныстырылымы өткізіліп, шығармашылық топпен кездесу болған «Дос-Мұқасан», «Паралимпиец» фильмдерімен қатар, «Хирург», «Операция Набат», «Жамбыл. Жаңа дәуір» киноларын тамашалады. Қала жұрты тек қана кино көріп қойған жоқ, сонымен қатар фильмге түскен актерлармен, режиссерлармен кездесті.
Кино апталығының құрметті қонақтары жүз жасаған жыр алыбы – Жамбыл бабамыздың экрандағы бейнесін сомдаған Қазақстанның халық артисі Досжан Жанботаев, жақында ғана Қазақстанның халық артисі деген жоғары атаққа ие болған Кеңес Жұмабеков, сондай-ақ жас режиссер Алдияр Байракимов, жас актерлер Жалғас Жанғазин мен Шыңғыс Қапин болды.
Қазақстанның халық артисі Досжан Жанботаевтың сөзінше, Жамбыл тәрізді ұлы тұлғаларды сомдау өте қиын.
– Портреттік образ аса күрделі. Рөлге дайындық барысында Жамбыл суреттеріне көп қарадым, сондағы оның образын толықтай беруге шамам келгенше тырыстым. Жалпы «актерский», «режиссерский», «операторский» кинолар болады, мен «Жамбыл. Жаңа дәуір» киносын «режиссерский-операторский кино» дер едім. Жамбылды кезінде алғашқылардың бірі болып атақты актеріміз Шәкен Айманов ойнаған, онан кейін де қысқаша рөлдерін сомдағандар болды ғой, ал екінші рет толыққанды ол кісіні мен ойнап шыққаныма қуанамын, – деді актер.
Қонақтар арқа жұртын қазақ киносының бүгінгі тыныс-тіршілігі, келбет-болмысымен таныстырды. Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде, Пришахтинск шағын ауданында киногерлер қала жастарымен кездесіп, бүгінгі қазақ киносының хал-ахуалы туралы түрлі сұраққа жауап берді.
Мамандардың пікірінше бүгінде патриоттық фильмдердің өте аз, ал ондай кинолар өте қажет ақ.
– Бүгінде көбіне жеңіл-желпі комедия жанрындағы кинолар қаптап кетті. Иә, тарихқа, тұлғаларға байланысты бірақ кинолар шықты, біз осы кинотеатрда олардың барлығының тұсаукесірін өткізіп, шығармашылық тобымен кездесулер ұйымдастырдық, ол дәстүр әлі де өз жалғасын табуда. Кездесу де, қаламызда «Қазақфильм» күндерін өткізу де соның дәлелі. «Сарыжайлау» кинотеатры тіпті облысымыздың аудандарының шалғай ауыл-аймақтарына барып отандық жақсы фильмдерді көрсетеді. Бұл өте қажет дүние, сондай жастарға үлгі болатын, оларды отансүйгіштікке үйрететін, мықты тұлғаларымызбен таныстыратын фильмдер көптеп болса дейміз, – дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова.
Дәл осындай патриоттық, намысты фильмдердің бірі, ол – 2022 жылы жарыққа шыққан «Паралимпиец» фильмі. Фильм режиссері Алдияр Байракимовтың сөзінше, спорттық драма жанры өте қиын жанр.
– Мен бұл фильмге дейін жиырмаға жуық қысқаметражды фильмдер түсірдім, ал «Паралимпиец» ол менің толыққан үлкен бір жұмысым. Спорттық драма жанрында кино түсіру қиын, оның ішінде олимпиадашылар, шаңғы жарысы туралы, Қазақстанда әзірге ешкім түсірмеді бұл жанрда, сол себепті кеңесетін ешкім болмады. Сценарий бір жыл көлемінде жазылды, онан соң түсірілімге бір жылдай уақыт кетті. Басты рөлдерді Асқар Ілиясов пен Жалғас Жанғазин сомдады. Актерлердің тапсырмасы қиын болды, себебі, оларға мүмкіндігі шектеулі адамды сомдау, шаңғы теуіп үйрену керек болды. Менің түсінгенім актерлар ең тез үйретілетін адамдар, аз ғана уақыттың ішінде олар барлығын үйреніп алды. Иә, мұндай актуалды тақырыптағы фильмдер түсірілуі керек, олар қажет, сұраныста бар. Мысалға, біздің фильмнен соң шаңғы спортына деген қызығушылық артып, онда келушілер саны үш есеге артқан. Алдағы жоспарым тағы бір әлеуметтік тақырып лудомания туралы кино түсіру, – дейді жас режиссер Алдияр Байракимов.
Қарағанды қаласындағы «Қазақфильм» күндері алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»