Қарағандыда құрылыс компаниясының директоры сотталды

Қарағандыда көпқабатты тұрғын үй салумен айналысқан құрылыс компаниясының директоры алаяқтық жасағаны үшін сотталды. 47 жастағы кәсіпкер 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, 5 жыл бойы құрылыс саласында басшылық қызмет атқару құқығынан шеттетілді.

Іс материалдарына сәйкес, 51 отбасы салынып жатқан үйлерден пәтер сатып алып, толық сома төлеген, алайда баспанаға қол жеткізе алмаған. Бір тұрғын үй кешені заңсыз жерге салынғандықтан сүріліп, екіншісі аяқсыз қалған. Тергеу кезінде келтірілген залал көлемі шамамен 1 миллиард теңге деп бағаланды.

– Сот анықтағандай, кәсіпкер «Барыс» тұрғын үй кешенін рұқсатсыз салған. Сондай-ақ әкімдік арқылы мәселені шешу үшін 196 миллион теңге көлемінде пара беру фактісі тіркелді. Бұл тұрғындардың қаржысын мақсатсыз пайдалану болып саналады. Сондықтан нысанды аяқтау мүмкін болмаған, – деді судья Арғын Құтышев сот отырысында.

Сотталушының кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, бұл жағдай жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ауырлататын жағдайлар анықталмаған. Сот үкімімен кәсіпкер жәбірленушілерге 800 миллион теңгеден астам қаржыны өтеуге міндеттелді. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзету колониясында өтейді.

Жәбірленушілердің көпшілігі үкіммен келісіп отыр. Олар бірнеше жыл бойы әділдіктің орнауын күткен. Дегенмен, бәрін әлі де ақшаның қайтарылу мәселесі алаңдатады.

Іс мұнымен аяқталған жоқ. Енді апелляциялық сот отырысы өтпек. Сонымен қатар, кейбір жәбірленушілердің азаматтық талаптары бұл процесте қаралмағандықтан, оларға жеке тәртіппен сотқа жүгіну құқығы берілді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»