Қарағандыда Президент Жолдауын талқылаған қала активі өтті
Қарағанды қаласының әкімдігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына арналған қала активі өтті. Жиынға депутаттар, қоғам өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты.
Қала әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, Қарағанды экономикасы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша өсім 7%-дан асып, қалаға 133 млрд теңге инвестиция тартылған. Шағын және орта бизнес өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Құрылыс саласында да серпін бар: биыл 444 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек. Кезекте тұрғандар үшін пәтер сатып алу жалғасуда. Сонымен қатар жаңа балабақшалар, спорт кешендері және әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр.
Инфрақұрылымға ерекше назар аударылуда. 98 шақырым жол жөнделіп, шағын аудандар мен жеке секторға газ тартылуда. «Газдандыру – жайлылық қана емес, бұл өмір сапасы мен экология мәселесі», – деді әкім.
Энергетика бағытында ТЭЦ-3-те жаңа энергия блогы салынып жатыр. «Теплотранзит Қарағанды» жылу желілерін жаңғыртса, су жабдықтау кәсіпорны желілердің тозуын азайтып, кәріз құрылыстарын жаңғыртуға инвестиция тартуда. Сонымен бірге цифрландыру жобалары енгізілуде.
Экология саласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 9 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 160-тан аса стихиялық қоқыс алаңы жойылды.
«Қалалық мәслихат депутаттары Қарағандының тартымдылық орталығына айналуы үшін бар күш-жігерін салады», – деді қалалық мәслихат төрағасы Алтынторе Букенов.
Қарағанды – еліміздің индустриялық жүрегі. Президенттің стратегиялық бағытын ұстана отырып, қала алға нық қадам басып, әрбір тұрғын үшін қолайлы орта қалыптастыруда.