Қарағандыда қоқыстан қуат өндіретін экозауыт салынбақ

Қарағандыда тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы электр қуатын өндіретін жаңа экологиялық жоба жүзеге аспақ. Заманауи кешеннің құрылысы қытайлық инвесторлармен бірлесіп қолға алынып, бұл бастама облыстағы қалдықтарды басқару жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелуі мүмкін.

Кешен жылына 200 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты өңдеуге қауқарлы болмақ. Сонымен қатар, сағатына 20 мегаватт электр қуатын өндіре алады. Жоба аясында қалдықтарды жою, энергия өндіру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің толық тізбегі енгізіледі.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бастаманы өңір үшін маңызды деп бағалап, жобаның экологиялық стандарттарға сай болуын басты талап ретінде атап өтті. Оның айтуынша, бұл зауыт тек энергия көзі ғана емес, сонымен қатар өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыратын тетікке айналады.

Жобаны жүзеге асырушы – «Қарағанды қаласы ГорКомТранс» ЖШС. Олар қалдықтарды басқару саласында тәжірибесі мол Қытайдың Shangxi CG Construction Group Co., Ltd. компаниясымен серіктестік орнатқан. Қазіргі таңда құрылысқа арналған жер телімін рәсімдеу және техникалық-экономикалық негіздемені дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

Құрылыс кезеңінде 100-ге жуық уақытша жұмыс орны ашылып, зауыт іске қосылған соң кемінде 50 тұрақты жұмыс орны пайда болады.

Зауытта қалдықтарды термиялық жолмен өңдейтін жоғары технологиялар қолданылмақ. Еуропалық одақтың экологиялық талаптарына сай кешен заманауи газтазарту жүйесімен жабдықталады. Диоксиндер мен ауыр металдар сияқты зиянды заттардың шығарылуын автоматты түрде бақылау жүйесі енгізіледі. Бұл санитарлық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан маңызды қадам.

Қалдықты сұрыптап жинау жүйесін дамыту – жобаның тағы бір басым бағыты. Қарағандыда қазірдің өзінде пластик, қағаз және шыны қалдықтарына арналған арнайы контейнерлер орнатылған. Алдағы уақытта бұл инфрақұрылым кеңейтіліп, тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытта мектептер, БАҚ және әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері кеңінен қолданылмақ.

Бүгінде Қарағандыда қоқыс сұрыптау зауыты жұмыс істеп тұр. Жаңа кешен іске қосылса, қалада қалдықтарды өңдеудің толық циклі – сұрыптаудан бастап, энергия өндіруге дейін – жолға қойылады. Бұл жоба Қазақстан бойынша алғашқы кешенді жүйе болмақ. Егер сәтті жүзеге асса, өзге өңірлерге үлгі ретінде таралуы әбден мүмкін.

Табиғатты ластамай, қалдықты тиімді ресурс ретінде пайдалану – қазіргі заман талабы. Қарағандыда қолға алынған бұл жоба елдегі «жасыл» энергетика мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»