ҚАРАҒАНДЫДА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ АШЫЛДЫ

Қарағанды қаласының Пришахтинск елді мекенінде Оқушылар сарайы ашылды. Енді балалар үйірмелерге қатысу үшін орталыққа қатынамайды. Сәулеті келіскен заманауи ғимарат зияткерлік білім, өнер, спорт үйірмелерінің соңғы үлгідегі жабдықтарымен қамтылған.

Қаланың ең үлкен елді мекендерінің бірі саналатын Пришахтинскіде бұрын мұндай Оқушылар сарайы болған жоқ. Балалар үйірмеге қатысу үшін орталыққа автобуспен қатынайтын. Халық тығыз орналасқан ауданда ұзақ уақыт кептелісте тұратын. Ал жас жеткіншек Әл-Мәнсүр Қайпеков заманауи сарайдың есігін айқара ашқанына шексіз қуанышты. Енді өрен түрлі үйірмеге жазылуға құлшынып отыр.

– Бізде бұрын мұндай Оқушылар сарайы болған жоқ. Жазыламын енді. Өйткені мұнда оқығымыз келеді, үйірмелерге қатысамын, – дейді ол.

Оқушылар сарайының жалпы ауданы 3 мың шаршы метр. Күн сайын 600-ден астам бала осындағы үйірмелерге қатыса алады. Оқушылар сарайының ашылу салтанатында жиналған қауымды Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев құттықтап, балаларға ізгі лебізін білдірді.

– Бір жыл бұрын осындай шешім қабылдап, мінеки, «Кәусар» атты орталық ашып отырмыз. Шын жүректен құттықтаймын. Робототехника, инженерия, балет – барлығын осында топтастырып сіздерге арнап отырмыз.

Оқушылар сарайында робототехника, қолөнер шеберханасы, экологиялық орталық, STEM зертханасы, зияткерлік және сәулет студиясы, ерте даму орталығы сынды үйірмелер тегін жұмыс істейді. Ерекше балаларға да жағдай жасалған. Сондай-ақ маңында спорт алаңы бар.

– Осы Пришахтинскінің 12 мектебінде 8 мыңға жуық оқушы бар. Сол оқушыларға бұл – үлкен мүмкіндік. Себебі заманауи технологиялармен жабдықталған, – дейді Оқушылар сарайы директорының м.а. Әйгерім Исбекова.

Бұл – Пришахтинскідегі тұңғыш қосымша білім беру ордасы. Енді балалар үшін болашақтың іргетасын қалайтын алтын ұяға айналады. Келер жылы дәл осындай Оқушылар сарайы Майқұдықта салынады.

Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»