Қарағандыда қоғамдық көлік жаңарып келеді

Қарағандыда соңғы жылдары қоғамдық көлік саласына ерекше көңіл бөлініп, жүйелі жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл өзгерістер қала тұрғындарының күнделікті қатынауын жеңілдетуге бағытталған. Соңғы үш жылда Қарағанды қаласының қоғамдық көлік жүйесі біртіндеп жаңғыртудан өтті. Бүгінде қалада 7 автопарк жұмыс істейді. Олар 48 қалалық және 8 қала маңындағы бағыттар бойынша жолаушыларға қызмет көрсетуде. Күн сайын жолға 460-қа жуық автобус шығады. Бұл – соңғы жылдары жүзеге асырылған көлік инфрақұрылымын жаңарту шараларының нақты нәтижесі.

Жауапты мамандардың айтуынша, қалалық қоғамдық көлік жүйесі тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Бірқатар маршрут қайта іске қосылып, кей бағыттың қозғалыс уақыты 22:30-ға дейін ұзартылған. Жүргізушілердің еңбекақысы өсіп, бұл саладағы кадр тұрақтылығына оң әсерін тигізген. Сонымен қатар, кондукторлардан біртіндеп бас тарту процесі жүргізіліп, қоғамдық көліктерге цифрлық төлем жүйесі енгізілуде. Аялдамалар жаңартылып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп отыр.

– Бүгінде жұмыс істеу әлдеқайда жеңілдеді. Яғни, жүйе кондукторсыз. Алайда бір мәселе бар – жолаушылардың шамамен 20-30% жолақысын төлеуден бас тартады. Нақты себебі белгісіз, бірақ мұндай проблема бар. Контролерлер жұмыс істеп жатыр, дегенмен әр автобуста бәрін қадағалау мүмкін емес, – деді «№3 автобус паркі» ЖШС-ның  директоры Артур Григорян.

«Таксокомбинат-1» ЖШС қала ішіндегі және қала маңындағы 7 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. Кәсіпорын құрамында 115 автобус бар. Мұнда көлік құралдарына сапалы қызмет көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалған: арнайы техникалық қызмет көрсету аймағы, автобустарға арналған жабық бокстар мен жуу кешені жұмыс істейді.

– Бүгінде бізде шамамен 115 автобус бар. Соның ішінде 64-і жаңартылған Yutong маркалы көліктер. Қазір біздің жоспарымызда жаңарту жұмыстары бар. Тағы шамамен 20 автобус қосқымыз келеді. Яғни, қазіргі кезде жаңа техника қажет, – дейді «Таксокомбинат-1» ЖШС-ның директоры Алексей Пен.

– Бүгінгі күнгі сатып алу жоспарына сәйкес автопарк лизинг арқылы жұмыс жүргізіп жатыр. Яғни, үлкен форматтағы 20 автобусты рәсімдеу жоспарланған. Биыл бұл жұмыс басталғанымен, автобустар, үлкен ықтималдықпен, келесі жылдың басында жеткізіледі. Себебі рәсімдеу процесі уақытты талап етеді, оған қоса жеткізу мерзімі де бар. Жаңарту жұмыстары бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, – деп атап өтті Қарағанды қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Талдыбаев.

«№3 Автопаркі» ЖШС бүгінде 40 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырып, 448 автобуспен қызмет көрсетуде. Кәсіпорында 669 жүргізуші еңбек етеді. Қолданыстағы заманауи инфрақұрылым автопарк жұмысының тұрақтылығы мен қызмет сапасын қамтамасыз етіп отыр.

– Автопаркті жаңарту жұмыстарын біз 2011 жылдан бастап, 2013 жылға дейін  жүргізілдік. Кейін үзіліс болды. 2019 жылы Yutong маркалы 75 автобус жаңартылды. 2022 жылы 50 автобус, ал 2023 жылы 100 автобус жаңартылды. 2024 жылы жаңарту жұмыстары Шахтинск филиалында жүргізілді. Ал 2025 жылы 75 автобус сатып алу жоспарда бар. Бұл автобустар күз айында және жыл соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде. Олар – жаңа үлгідегі, ұзындығы 60 см-ге артық көліктер болады, – деді «№3 автобус паркі» ЖШС-ның  директоры Артур Григорян.

Жаңадан алынған автобустардың нәтижесінде көліктердің орташа жасы жасарып, қызмет сапасы артады деп күтілуде.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»