Қарағандыда мыңдаған үйге көгілдір отын жетті
Қарағанды қаласында газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде 6 мыңнан астам үй көгілдір отынға қосылған. Бұл – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып жатқан өңірлік газдандыру бағдарламасының нақты нәтижесі. Қалада газ құбырлары жүйелі түрде тартылып, жеке сектор тұрғындары табиғи газға қосылуда.
Биыл пайдалануға берілген бесінші іске қосу кешенінің арқасында тағы 2,5 мыңнан астам үйге газ жетті. Бұл жобаның жалпы ұзындығы 110 шақырымнан асады және Қарағандыдағы ең ауқымды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі саналады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нысандарды аралап, тұтынушыларды газға қосу барысын тексерді. Өңір басшысы Керамическая көшесіндегі тұрғын үйлердің біріне кіріп, жаңа жүйенің жұмысымен танысты.
«Газ – тұрғындардың өмір сапасын жақсартатын маңызды фактор. Президенттің тапсырмасына сай, облыс бойынша газдандыру мәселесін жүйелі түрде шешіп келеміз. Биылғы кезең – бұл бағыттағы ең серпінді жыл болды», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин де жаңа желілердің іске қосылғанын растады.
«Біз дәл қазір ГРП Кирзовод деп аталатын жерде тұрмыз, Global City-дің қарсы бетінде. Мұнда қысым төмендетіліп, газ беріле бастады. Осы пункттен көгілдір отын жеке сектор көшелеріне тарайды», – деді ол.
Бесінші іске қосу кешені аясында газ құбырлары Сарыарқа көшесі, Бұқар жырау даңғылы, Складская және 7-магистраль аралығында жүргізілген. Ірі ГРП-7 газ реттеу пунктінен газ 40 шағын станса арқылы жеке секторларға таралады. Мамандардың мәліметінше, 20 қазаннан бастап бұл желі арқылы газ беріліп жатыр.
Қазіргі таңда 1 200-ден астам абонентке газға қосылу үшін техникалық шарттар берілді. Сонымен қатар Фёдоровка ауданында тағы 1 800 үйге арналған төртінші іске қосу кешенінің құрылысы жалғасуда. Ал келесі жылы «Таугүл» және «Күнгей» шағын аудандарына арналған алтыншы кешен іске қосылады. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда тағы 3 мыңнан астам үйге көгілдір отын жетпек.
Қарағандыда газдандыру жұмыстарының нәтижесінде қала тұрғындарына экологиялық таза әрі үнемді энергия көзі қолжетімді болып отыр. Бұл – өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін арттырып, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жаңа сапаға көтеретін маңызды қадам.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

