Қарағандыда медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды

Қарағанды облысында МӘМС жүйесі мен медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша өңірлік штабтың кезекті отырысы өтті. Отырысты облыс әкімінің орынбасары Ораз Таурбеков жүргізді. Штаб жұмысына қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалар, аумақтық департаменттер және бейінді ұйымдардың басшылары қатысты.

Отырыс барысында бірнеше негізгі мәселе қаралды: халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тарту, жұмыс берушілердің жарналарды уақтылы төлеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық көмек көрсету кезінде заңнама талаптарының сақталуын қадағалау.

«Біз сақтандырылмаған азаматтар санының азаюы бойынша тұрақты оң динамиканы байқап отырмыз. Сондықтан жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, әсіресе экономикалық белсенді халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды», — деді Фазыл Копобаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қарағанды филиалының директоры.

2026 жылдың басында өңірде МӘМС жүйесімен қамту деңгейі 88,7%-ды құраған, ал наурыз айының соңына қарай сақтандырылмаған азаматтар саны одан әрі қысқарып келеді. Әсіресе жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер және бұрын сақтандыру жүйесіне қатыспаған азаматтарға ерекше назар аударылуда.

Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап шұғыл және дағдарыстық санаттағы азаматтар үшін МӘМС жарналары жұмыссыздар сияқты жергілікті бюджет есебінен төленеді. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің берешектері де талқыланды: өңірде 19 мыңнан астам ұйымның жарна төлеу бойынша қарызы бар, және салық органдары борышкерлерге қатысты өсімпұл есептеу және хабарламалар жолдау сияқты шаралар қолдануда.

Штаб отырысында рұқсат құжаттарынсыз медициналық көмек көрсету мәселесі де қаралды. 2026 жылдан бастап мұндай бұзушылықтарға қарсы жауапкершілік шаралары күшейтіледі, бұл медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығына және халыққа сапалы қызмет көрсетуіне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты Ораз Таурбеков денсаулық сақтау басқармасына және медициналық ұйымдарға барлық рұқсат құжаттарын толық түгендеуді тапсырды.

– МӘМС жүйесін тиімді іске асыру – халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының кепілі. Барлық көтерілген мәселелер тұрақты бақылауда болуы тиіс, — деп атап өтті Ораз Таурбеков.

Өңірлік штаб жұмысы жалғасып, берілген тапсырмалардың орындалуы келесі отырыста қаралатын болады.

Қарағанды облысы бойынша медициналық сақтандыру Қоры филиалының баспасөз қызметі