Қарағандыда Мағауин мұрасы ұлықталды: рух пен зердені жаңғыртқан ғылыми-танымдық семинар
Қарағанды қаласында қазақ руханияты үшін маңызы зор ғылыми-танымдық басқосу өтті. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде көрнекті жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұлттық ойдың ірі өкілі Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына арналған «Алаш руханиятының алдаспаны» атты семинар ұйымдастырылды. Тағылымды шара қаламгердің сан қырлы шығармашылығын терең зерделеп, оның бүгінгі ұрпаққа, әсіресе жастарға берер рухани мұрасын кеңінен насихаттауға арналды.
Семинардың ашылуында ұйымдастырушылар мен қонақтар Мұхтар Мағауин еңбектерінің қазақ әдебиеті мен ұлттық сананы қалыптастырудағы айрықша орнын атап өтті. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Бақытұлы Бейсенбай құттықтау сөз сөйлеп, жазушы мұрасының ғылыми айналымдағы салмағына тоқталды.
Семинар аясында мазмұнды баяндамалар жасалды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов «Ұлттық көркем ойдың алыбы» тақырыбында баяндама жасап, Мұхтар Мағауиннің жазушылық және зерттеушілік болмысын, ұлттық әдеби ойды жаңғыртудағы еңбегін жан-жақты талдады. Ал филология ғылымдарының докторы, «Қазақ халқының рухани мұрасын зерттеу институтының» директоры Жансая Жарылғапов «Мұхтар мұнарасы» атты баяндамасында қаламгердің рухани биігін, шығармашылық мұрасының тұтастығын ашып көрсетті.
«Мағауин – менің өміріме, өмірбаяныма кірген адам. Менің екі ұстазым бар: Лев Толстой және Мұхтар Мағауин. Ол кісінің маған деген сенімі, жазуыма, ой өрісіме жасаған ықпалы мен үшін үлкен мектеп болды. Ұлтқа берік, сертке берік, бүкіл ғұмырын таза ойға арнаған адам еді. Мағауин өз мұратына жетті, енді біздің міндет – сол мұраны терең танып, бағалау», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов.
Профессор Азамат Дүйсембаев «Ұлыларды ұлықтау – ұрпақ парызы: Мағауиннің ақтық сапары мен 85 жылдығы» тақырыбында ой қозғап, тұлғаны тану арқылы ұлттың өзін тану үдерісін атап өтті. Ал «Мұхтар Мағауин қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының» төрағасы Едіге Мағауин «Мағауин және жастар» баяндамасында әкесінің ұлттық болашаққа деген жауапкершілігі мен жас ұрпаққа қалдырған өсиетіне кеңінен тоқталды. Кәсіпкер, меценат Ерлан Әшім «Мағауин феномені» атты баяндамасында жазушы тұлғасының қоғамдағы рухани ықпалын ерекше атап өтті.
«Әкем үшін жазушылық – мамандық қана емес, қазақтың тағдырына қызмет ету еді. Оның таңдауы халықтың өткені мен болашағына деген алаңдаушылықтан туды. Ол әрдайым «Қазақтың болашағы үшін мен қандай үлес қоса аламын?» деп ойлады. Бүгінгі жастарға әкемнің жолы мен өсиетін жеткізу – біздің ортақ парызымыз», – деп атап өтті жазушының ұлы, «Мұхтар Мағауин қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының» төрағасы Едіге Мағауин.
Семинар барысында әдебиеттанушы ғалымдар мен университет оқытушылары да өзекті тақырыптарды көтерді. Сағымбай Жұмағұл Мұхтар Мағауинді хандық дәуір әдебиетін терең зерттеген ғалым ретінде сипаттаса, журналист Ернат Рахметолла оны сертіне берік, принципінен айнымай өткен қаламгер ретінде таныстырды.
Жиынға студент жастардың белсенді қатысуы шараның мазмұнын байыта түсті. Филология факультетінің 4-курс студенті Дилара Мирамқұл Мағауин шығармаларының жастар үшін бағыт-бағдар боларлық қырларын, ұлттық код пен тарихи жадыны сақтаудағы рөлін саралады. Ал 3-курс студенті Мағжан Құдайберген жазушы еңбектеріндегі ұлттық сана сілкінісіне тоқталды. 2-курс студенті Нұрасыл Аманжолдың заңғар жазушыға арнаған арнауы семинардың рухани әсерін күшейтті.
Жалпы, семинар Мұхтар Мағауин мұрасын дәріптеумен қатар, жастардың тарихи сана-сезімін нығайтып, ұлттық құндылықтарға адал болуға үндеген маңызды ғылыми-рухани алаңға айналды. Қатысушылар бұл басқосуды терең ғылыми талқылау, пікір алмасу және шығармашылық шабыт алаңы ретінде бағалады.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

