Қарағандыда әлеуметтік павильон ашылды
Қарағандыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа бастама жүзеге асты. Облыс әкімінің тапсырмасымен қалада нарықтағы бағадан төмен бағада ет және басқа да өнімдерді ұсынатын әлеуметтік павильон өз жұмысын бастады.
Жаңа сауда орнының ерекшелігі – мұнда өнімдерді Шет ауданының фермерлері тікелей жеткізеді. Бұл делдалдарды айналып өтіп, бағаны 20-30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Мәселен қой мен сиыр етінің бағасы мұнда 2 900 теңгеден басталса, базардағы орташа баға 3 500 теңгеден жоғары.
– Қарағандыда Сатыбалдин көшесі 11/10 мекенжайында жаңа фермерлік павильон ашылды. Бұл жоба Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған тапсырмалары аясында жүзеге асуда. Басты мақсаты – азық-түлік бағасын тұрақтандыру және отандық өндірушілерді қолдау, – дейді Қарағанды қаласының кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Қуандық Фазылкәрім.
Павильон ашылған алғашқы сағаттарда-ақ тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Сатылымға шығарылған 800 келі сиыр еті, 400 келі қой еті және 2500 дана үй жұмыртқасы толықтай өтіп кеткен.
– Бұл павильонның ерекшелігі – ауылдан әкелінген етті фермерлердің өздері сатып жатыр. Бағасы қолжетімді. Таңертеңнен бері шамамен бір тонна ет сатылып үлгерді. Сонымен қатар ауылдық фермерлер қымыз, құрт, ірімшік сияқты сүт өнімдерін де өздері дайындап әкеліп, тұрғындарға ұсынып отыр. Қала халқын сапалы өнімді әділ бағамен алуға шақырамыз, – деді Болат фермерлер өнімдерін ұйымдастырушы Болат Такишев.
Павильонда еттен бөлек, сүт өнімдері – қымыз, ірімшік, сары май, құрт, қаймақ, сондай-ақ көкөністер – картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз, құс еті мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұсынған қант, ұн, нан, күнбағыс майы, қарақұмық және макарон өнімдері қолжетімді бағамен ұсынылуда.
«Біз осы дүкеннің ашылуын көп күттік. Бағаларыңыз халықтың барлық тобына қолжетімді болады деп сенеміз. Ашылуында болдым – шынымен де бағалар өте жақсы, арзан. Сондықтан барлығын осында келуге шақырамын», – дейді қала тұрғыны.
Жоба әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрақты қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Павильон тұрақты түрде жұмыс істейді. Жақын арада қалада тағы екі әлеуметтік павильон ашу жоспарланып отыр.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»