Қарағандыда кезекте тұрғандар үшін 1 300-ге жуық пәтер беру жоспарлануда

Қарағанды қаласының әкімі тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті. Оның айтуынша, қалада тұрғын үймен қамтамасыз ету тек жаңа үйлер салумен шектелмей, дайын пәтерлерді сатып алу арқылы да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

– Қарағандылықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінің жалғасы ретінде атап өткім келеді: біз тек тұрғын үйлер салумен ғана шектелмей, сонымен қатар тұруға дайын пәтерлерді де сатып алуды жалғастырып келеміз. Бұл азаматтарды тұрғын үйге жедел орналастыруға және кезекте тұрғандарды қысқа мерзімде баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп жазды қала басшысы.

Әкімнің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша осы тәсіл арқылы 537 адам пәтермен қамтылған. Ал биыл жеке құрылыс салушылардан сатып алынған тағы 567 пәтерді бөлу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен бұрын басталған бірқатар тұрғын үй құрылыстары жалғасуда. Жоспар бойынша 30-шағынаудандағы үш тұрғын үй, «Трилистник» тұрғын үй кешеніндегі №9 үй, сондай-ақ 14-шағынаудандағы үш тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бұл нысандар пайдалануға берілгеннен кейін, тұрғын үйлерді кезекте тұрған азаматтар арасында бөлу рәсімін «Отбасы банк» АҚ жүзеге асырады.

Биыл тек құрылыс аясында 730 пәтерді тапсыру көзделіп отыр. Осылайша, сатып алынатын және салынып жатқан үйлерді ескере отырып, жыл соңына дейін кезекте тұрғандар үшін 1300-ге жуық пәтер беру жоспарлануда.

Қала әкімі тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға деректерін уақытылы жаңартып отырудың маңыздылығын да еске салды. Бұл рәсімді orken.otbasybank.kz сайты арқылы орындауға болады.

Сондай-ақ ол құрылыс мерзімдерінің ұзаққа созылуына инженерлік коммуникацияларды тарту жұмыстары мен кейбір нысандар бойынша өткен сот процестері әсер еткенін атап өтті. Бүгінгі басты міндет – биыл тұрғын үйлердің басым бөлігінің құрылысын аяқтап, оларды кезең-кезеңімен пайдалануға беру.

Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»