Қарағандыда кеншілердің еңбегі лайықты марапатталды
Қарағанды облысында Кеншілер күні қарсаңында шахтерлердің еңбегі жоғары бағаланды. Жер астына күн сайын түсіп, елді жылу мен энергиямен қамтамасыз етіп жүрген ержүрек мамандарға мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.
Президент Жарлығымен өңірдің көмір саласының 52 өкілі адал еңбегі мен шахта ісін дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградаларға ие болды. Салтанатты жиынға өндіріс озаттары мен еңбек ардагерлері қатысты.
Кеншілерді кәсіби мерекесімен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов құттықтап, оның құттықтауын депутат Арман Қалықов жеткізді. Мемлекет басшысының атынан марапаттарды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тапсырды.
– Кеншілер күні – біздің аймақ үшін айрықша мереке. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында облысымыз еліміздің өнеркәсіптік жүрегі болып қала береді. Президент биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады – бұл сіздерге деген зор құрмет, – деді өңір басшысы.
Қарағанды облысында биыл 4,2 млн тонна көмір өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға өсті. Жыл соңына дейін 7 млн тоннаға жету көзделген. Өндірісте жаңа технологиялар енгізіліп, қауіпсіздікті арттыру шаралары қолға алынуда.
Qarmet АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев шахтер еңбегін батылдық пен жауапкершіліктің үлгісі деп атап, салаға инвестиция салуды жалғастыруға уәде берді.
Марапат иелерінің арасында «Абай» шахтасының кеншісі Сергей Дудалев, «Шұбаркөл көмір» компаниясының машинисі Данияр Жақыпов және «Шахтинская» шахтасының директоры Денис Дымов бар. Олар өз сөздерінде еңбектің бағалануы – бүкіл ұжымның жетістігі екенін атап өтті.
Салтанатты шара мерекелік концертпен түйінделді. Кеншілер күні дәстүр бойынша тамыздың соңғы жексенбісінде аталып өтеді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»