Қарағандыда инклюзивті білім беру саласында инновациялық әдістер талқыланды
Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында облыстық семинар өтті. №4 мектеп-интернатында өткен бұл шараға өңірдің қала мен аудан мектептерінде инклюзивті білім беруді іске асыратын педагогтер мен білім беру саласының мамандары қатысты. Семинарда ерекше балаларға білім беру үдерісіне озық әдістер мен жасанды интеллектті қолданудың тиімділігі талқыланды.
Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға білім беру мен тәрбиелеу бағытындағы соңғы инновациялық әдістерді енгізу үшін педагогтер арнайы шеберлік сағаттарына қатысты. Семинар аясында мұғалімдер мен ата-аналар арасында тәжірибе алмасу орын алып, инклюзивті білім беруді дамыту үшін жасанды интеллект құралдарының қолданылуы жайлы пікірлер айтылды. Бұл туралы №4 мектеп-интернатының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Қалиева былай деді:
«Семинар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту үдерісін тиімді әрі қызықты ету жолдарын көрсетуге бағытталды. Біздің мақсатымыз – жаңа әдістер мен құралдарды қолдану арқылы білім беру сапасын арттыру».
Жасанды интеллект оқыту үдерісіне жаңа көкжиектер ашып, балалардың жеке қажеттіліктеріне бейімделген білім беру мүмкіндіктерін арттыруда маңызды рөл атқарады. Бұл технологияларды дұрыс қолдану инклюзивті білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтереді, деп санайды мамандар.
Семинар барысында педагогтер мен ата-аналар ұлттық құндылықтар мен экологиялық бастамаларды таныстыру мақсатында бірқатар шараға қатысты. «Мейірімді жүректер» жәрмеңкесінде ата-аналар ұлттық тағамдар мен ойындарды қызыға тамашалап, шараның ерекше балалармен тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығын арттырды.
– Бұл біздің балаларымыз үшін үлкен тәжірибе. Олар ұлттық дәстүрлермен танысып, экологиялық жобаларға қатыса отырып, қоғамға пайдалы болу жолдарын үйренуде, – дейді Гүлнар Қалиева.
Семинарда сонымен қатар «Жанданған дәстүр: ойна, жаса, отырғыз!» атты интерактивті блогі де ұйымдастырылды. Онда мектеп оқушылары ұлттық қолөнер шеберліктерін үйреніп, экологиялық бастамаларды жүзеге асыру жолдарын көрсетті. Бұл бөлімде ерекше балалар мен мұғалімдер бірге жұмыс істеп, сібір шыршасының көшеттерін отырғызу акциясына қатысты.
Семинар соңында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту мен тәрбиелеуде заманауи технологиялардың қолданылуы мен педагогтер мен ата-аналар арасындағы тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді.
– Біз еңбек сабағында жасаған жұмыстарымызды мақтан тұтамыз. Әрбір туынды – біздің еңбегіміз бен шығармашылығымыздың нәтижесі, – дейді №4 арнайы мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Рүстем Галкин.
Семинар инклюзивті білім беру жүйесінің болашағын жақсы жаққа өзгертуге бағытталған маңызды қадам болды. Қарағанды облысының мұғалімдері мен ата-аналары үшін осындай шаралардың жиі өткізілуі балалардың жан-жақты дамуына септігін тигізетінін көрсетіп отыр.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»