Қарағандыда грек мәдениетінің фестивалі – рухани бірліктің жарқын көрінісі

Қарағандыда Рухани келісім күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ерекше мереке өтті. Достық пен өзара құрметтің символына айналған бұл шара – Грек мәдениетінің республикалық фестивалі. Мерекелік жиын «Понтос» грек мәдени орталығының 30 жылдығымен тұспа-тұс ұйымдастырылып, ел бірлігін айқындайтын маңызды мәдени оқиғаға айналды.

Фестиваль аясындағы іс-шаралар Қарағандыдағы Достық үйінде дөңгелек үстелмен басталды. Мұнда этномәдени бірлестіктер өкілдері мен Ассамблея мүшелері рухани келісімнің қоғамдағы орны мен этностардың өзара сыйластығы туралы ой бөлісті.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың айқын дәлелі. Әр этнос өз мәдениетін дамытып, ел дамуына үлес қосып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей фестивальдің ашылу салтанатында.

Биыл мерейлі 30 жылдығын атап өтіп отырған «Понтос» грек мәдени орталығы – елдегі ең белсенді этномәдени бірлестіктердің бірі. Орталық жанында жексенбілік мектеп, вокалдық-би ансамблі жұмыс істейді. Сонымен қатар ұжым қайырымдылық, экологиялық және мәдени жобаларға тұрақты түрде атсалысып келеді.

– Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең талантты және ізгі ниетті өкілдер осы фестивальге жиналды. «Понтос» Ассамблеямен бірге 30 жыл қатар дамып, қоғамның ажырамас бөлігіне айналды, – деді Павлодар облыстық «Эльпида» грек этномәдени орталығының төрайымы Людмила Ифандуполо.

Қарағанды облыстық «Понтос» орталығын Ассамблея ардагері Деспина Касапиди басқарады. Бүгінде өңірде екі мыңнан астам грек ұлтының өкілі тұрады. Олардың алғашқы легі Қазақстанға ХХ ғасырдың басында Ресей империясы кезеңінде, темекі өсіру мақсатында келген. Кейінгі жылдары, тарихи себептерге байланысты, көптеген грек отбасы осында қоныстанған.

– Қарағанды облысы грек ұлты өкілдерінің саны бойынша төртінші орында. Қазір ел бойынша 11 мыңнан сәл ғана асатын грек тұрады. Біз аз болсақ та, ел өміріне белсене араласып келеміз, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Георгий Иорданиди.

Фестивальге қатысқан Грекияның Қазақстандағы Елшісі Эфталия Какиопуло Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тәжірибесін жоғары бағалап, оның әлемге үлгі боларлық институт екенін атап өтті:

– Қазақстан халқы Ассамблеясы – этностар арасындағы үйлесім мен өзара түсіністікті қамтамасыз етудің бірегей моделі. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде мойындалған, – деді елші өз сөзінде.

Фестиваль аясында ұлттық ән мен би, дәстүрлі тағамдар көрмесі, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Шара достық пен бірліктің рухын айқындап, көпұлтты Қазақстанның рухани келісім үлгісін тағы бір мәрте паш етті.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»