Қарағандыда еріктілер белсенділігі артып келеді
Қарағанды облысында еріктілер қозғалысы жаңа серпін алуда. Экологияны қорғау, әлеуметтік көмек, қоғамдық бастамалар – осының барлығында белсенді азаматтардың қолтаңбасы бар. Бүгінде аймақта 5 мыңнан астам ерікті 72 қайырымдылық ұйымының құрамында түрлі игі іспен айналысуда. Еріктілердің басым бөлігі – ел болашағы саналатын жастар. Бұл – азаматтық белсенділіктің, қоғамға жанашырлықтың айқын көрінісі.
Қарағанды облысында экологиялық және патриоттық бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Қазір өңірде 5 мыңнан астам еріктіден құралған 72 ұйым жұмыс істейді. Соңғы жеті айдың ішінде осы еріктілер қатысуымен экологиялық рейдтерден бастап, патриоттық тақырыптағы 78 түрлі шара ұйымдастырылып, қоғам өміріне үлкен үлес қосылуда. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының әлеуметтік белсенділігін арттырып, экологиялық сана мен отансүйгіштік рухын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар болып отыр.
– 24-25 қыркүйек күндері Қарағанды облысында «Ұрпақтан ұрпаққа – келешекке жол бүгін басталады» деген атпен халықаралық жұмысшы жастар форумы өтеді. Бұл маңызды шараға өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен студент жастар қатысатын болады. Форум барысында жастардың еңбек саласындағы бастамалары мен кәсіби дамуы талқыланып, тәжірибе алмасу мүмкіндігі қарастырылады. Ал 27 қыркүйекте облысымыздың көрнекті тұлғасы Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына орай, оның атындағы ұлттық университетте республикалық деңгейдегі пікірсайыс турнирі ұйымдастырылмақ. Бұл шара жастар арасында мәдени-рухани құндылықтарды насихаттау мен ғылыми ой өрісін дамытуға бағытталған, – дейді Қарағанды облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.
Қарағанды облысындағы еріктілер белсенді түрде қоғамдық өмірдің түрлі саласында қызмет атқарып келеді. Олар қоршаған ортаны қорғау бағытында насихат жұмыстарын жүргізіп, зиянды әдеттердің алдын алу бойынша маңызды жобаларды іске асырады. Сонымен бірге, еріктілер қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мәдениет пен өнер саласындағы шараларға да ерекше үлес қосуда. Мұндай бастамалар қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
– Жақында облыс әкімінің бастамасымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарын тағайындау конкурсы ұйымдастырылмақ. Бұл гранттар бизнес, ғылым, мәдениет, медиа және IT салалары бойынша үздік жобаларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар жастарды қолдау мақсатында бірнеше жаңа жобалар іске қосылып, олардың жүзеге асырылуы жоспарлануда. Жобалардың барысы мен нәтижелері туралы халыққа тұрақты түрде толық ақпарат беріліп отырады, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
Патриоттық тәрбие Қарағанды облысында ерекше мәнге ие болып отыр. «Жас сарбаз» қозғалысы белсенді жұмыс істеп, республикалық жиындар, әскерге шақырылушыларды құрметпен шығарып салу рәсімдері мен сарбаз әндері фестивалдері ұйымдастыру арқылы жастардың патриоттық рухын қалыптастырып келеді. Мұндай жобалар жастарға көшбасшылық пен әлеуметтік дағдыларды дамытуға мүмкіндік берсе, биыл облыс көлемінде форумдардан бастап экологиялық акцияларға, студенттік балдар мен спартакиадаларға дейінгі ауқымды шаралар өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын арттырып, олардың рухани және дене тәрбиесін нығайтуға бағытталған.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»