Қарағандыда ерекше дода: жаңа өмірге спортпен серпін
Қарағанды қаласында трансплантация жасатқан және диализ еміне жүгінетін азаматтар арасындағы VI республикалық жарыс мәресіне жетті. ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, биылғы бәсекеге қатысушылар саны артып, 130-дан асты.
Бес күн бойы спорт алаңдарында түрлі жас санатындағы қатысушылар волейбол, жүзу, үстел теннисі, дартс және боулингтен шеберлік байқасты. Жалпыкомандалық есепте Ақтөбе облысы үздік атанса, Астана мен Шымкент қаласының командалары жүлделі үштікті түйіндеді. Волейболдан финалда Шымкент командасы жеңіске жетті.
«Жалпы финал өте ауыр болды, біздің балалар бар күшін салды. Бұл жарысқа екінші жыл келіп отырмын, денсаулық болса, әлі де қатысамын», — деді шымкенттік жеңімпаз Нұрғали Өнербаев.
Қатысушылар жарыстың тек спорттық емес, достық пен қолдаудың алаңы болғанын айтты. «Өз тағдырластарыңмен танысып, тәжірибе алмасу — үлкен қуаныш», — дейді Тараз қаласынан келген жүлдегер Құндыз Кушпенова.
Жарыстың мақсаты — ауыр дертті еңсерген жандарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және халықаралық деңгейдегі ойындарға дайын команданы жасақтау.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»