Қарағандыда электр және жылу қуаты артады

  Қарағанды облысында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша ірі жобалар қолға алынуда. Өңірдегі электр және жылу тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 3-ЖЭО базасында жаңа энергия блогының құрылысы басталды. Бұл жоба қосымша қуат көздерін қамтамасыз етіп, аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Соңғы жылдары аймақтағы белсенді даму — тұрғын үй кешендерінің, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың көбеюі — энергия жүйесіне түсетін жүктемені арттыра түскен. Құрылыс жұмыстары символдық мәні бар уақыт капсуласын салумен басталды.

— Қарағандыда ЖЭО-3 базасында жаңа энергия блогының құрылысын бастадық. Бұл тек біздің қала үшін ғана емес, бүкіл облыс үшін ерекше маңызды оқиға. Алдымыздағы жоба өңірдің өнеркәсіптік, әлеуметтік және экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беретініне сенімдіміз, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Жаңа энергия блогының іске қосылуы Қарағандының энергетикалық әлеуетін едәуір арттырады. Бұл жоба қалаға қосымша 140 мегаватт электр қуатын және сағатына 180 гигакалория жылу энергиясын жеткізіп, тұрақты энергиямен қамтуға мүмкіндік береді. Осындай қуаттың болуы өңірдің өнеркәсібін дамытуға, бизнестің сенімділігін нығайтуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізеді.

— Мұндай ауқымды жобалар өте маңызды. Олардың ықпалы тек облыс деңгейінде ғана емес, бүкіл елдің энергетикалық жүйесіне айтарлықтай әсер етеді. Біз бұл жобаларды қолдауға және іске асыруға дайынбыз, -дейді ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

ЖЭО-3 энергия блогының жаңғырту жобасы – аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ірі инвестициялық бастама. Жоба құны 134,6 миллиард теңгені құрайды және 2028 жылға дейін толықтай аяқталуы жоспарланған. Жаңа қазан агрегаты мен турбогенератор орнатылып, бұл 400-ден астам көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды сенімді жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Жобаны Еуразиялық даму банкімен стратегиялық серіктестік аясында іске асыру көзделуде.

— Еуразиялық даму банкі – халықаралық деңгейдегі ұйым. Соңғы төрт жылда банктің Қазақстандағы инвестициялық портфелі 5 миллиард АҚШ долларына жетті, оның ішінде энергетика саласы әрқашан басымдыққа ие болды. Қарағандыдағы ЖЭО-3 кеңейту жобасы – ЕАДБ, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің жемісті ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Бірлесе жұмыс істей отырып, біз өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы үшін сенімді негіз құрып жатырмыз, -дейді ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов.

Жобаның жүзеге асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді. Ауқымды бастама аясында 55 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті халықтың еңбекпен қамтылуына және экономиканың жандануына ерекше үлес қосады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»