Қарағандыда «Әділ қоғам» жобасы аясында рухани-ағартушылық кеңсе ашылды

Қарағандыда әділеттілік пен адалдық қағидаттарын дәріптеуді мақсат еткен «Әділ қоғам» жобасының жаңа жобалық кеңсесі ашылды. Бұл кеңсе – тек кеңсе ғана емес, ұлттық рухани мұра мен қазіргі қоғам арасындағы көпір іспетті. Ашылу салтанаты Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтіп, оған мәдениет, қоғам және жастар өкілдері қатысты.

Жобаның негізгі мақсаты – тарихи және әдеби мұралар арқылы жастардың құқықтық санасын арттырып, ар-ождан, әділет секілді ұғымдарды күнделікті өмірде маңызды орынға қою. Жоба жетекшілері ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, Абай, Шәкәрім, Бұқар жырау сияқты ойшылдардың еңбектерін кеңінен қолдану арқылы жас ұрпақтың ой-санасына қозғау салуды көздейді. Бұл тұрғыда жобалық кеңсе – жаңа форматтағы мәдени-ағартушылық алаң ретінде жұмыс атқарады. Мұнда тұрақты түрде пікірталастар, әдеби кештер, шығармашылық кездесулер және шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.

– Әділетті Қазақстан құру жолында осындай жобалық кеңселердің маңызы зор. Жастардың рухани дамуы – елдің болашағына салынған инвестиция, – деп атап өтті жобалық кеңсенің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Оның айтуынша, бұл кеңсе – қоғам мен билік арасындағы сенім көпірін нығайтудың бір жолы. Ал облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Серікжан Байбосынов өз сөзінде:

«Жоба қоғаммен ашық әрі шынайы диалог жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл – шын мәнінде халықтық бастама», – деді.

«Жыл соңына дейін бірқатар әдеби кештер, дебаттар, семинарлар өтеді. Әсіресе, жастармен тығыз байланыс орнату – біздің басты бағытымыз», – дейді жобалық кеңсе жетекшісі Айнұр Шаймұханбетова

Жоба шеңберінде өтетін шараларда эпостар, мақал-мәтелдер, жыраулар поэзиясы арқылы ар-намыс, әділет, адалдық ұғымдары жаңа қырынан түсіндіріліп, жастарға жақын формада ұсынылады.

Бұл жобалық кеңсенің ашылуына Қарағанды облысының әкімдігі, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ішкі саясат басқармасы ұйытқы болды. Олар бұл кеңсені сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі жаңаша тәсіл, қоғамның рухани иммунитетін күшейтетін алаң ретінде сипаттады.

«Әділ қоғам» жобалық кеңсесінің ашылуы – елдегі құқықтық мәдениетті көтеру мен жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ұлттық руханият пен қазіргі заманның өзекті мәселелерін байланыстыра отырып, бұл бастама қоғамдағы сенім мен әділеттің тамырына қан жүгіртпек. Адалдықты ту еткен ұрпақ – ел болашағының кепілі екені сөзсіз.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»