Қарағандыда дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

Білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы биыл «Білім беруді цифрландыру: заман талабы мен мүмкіндіктері» деген атаумен өтті. Конференцияда дәстүрлі түрде өткен оқу жылындағы облыстық білім беру жүйесінің жұмысы қорытындыланып, жаңа оқу жылындағы облыстық білім беру жүйесінің жұмысының стратегиялық бағыттары айқындалды.

Шараның мақсаты – цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жағдайында білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу.

Конференцияға 600-ден астам қатысушы қатысып, 10 000-нан астам мұғалім мен ата-ана қауымдастығының өкілдері Facebook арқылы тікелей эфирге қосылды.

Кеңес отырысы алдында қатысушылар мен облыс әкімі облыстық білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа технологиялар көрмесімен танысты. Мектеп оқушылары, студенттер мен ұстаздар өз жобаларын көпшілік назарына ұсынып, мектепке дейінгі, орта және кәсіптік білім беру туралы ой бөлісті.

Кеңес Қазақстан Республикасының Оқу-ағату министрі Ғани Бейсембаевтың бейне үндеуімен басталып, ол ұстаздар қауымының жоғары еңбегін атап өтіп, баршаны келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтады.

Конференция спикерлері «Мектепке дейінгі білім беру үшін интерактивті іс-әрекеттерді құру», «Білім берудегі цифрлық технологиялар», «Техникалық білім берудегі халықаралық тәжірибе», «Бенджамин Блумның 2 Sigma мәселесін шешу», «Құндылықтарға негізделген білім беру саласындағы сынып жетекшілерінің рөлі» және «Келешек ұрпақты тәрбиелеу: робототехника мен жасанды интеллект оқыту әдістері мен тәсілдерін қалай өзгертеді» сияқты өзекті мәселелерге тоқталды.

Кеңесте атап өтілгендей, биыл Қарағанды облысында білім беру саласына бюджеттің 47%-ға жуығы бөлінген. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша соңғы 5 жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге артты.

Мектептер жоспарлы түрде жаңғыртылып, жаңа оқу орындары жөнделіп, салынуда. Жыл соңына дейін Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында апатты мектептердің орнына екі жаңа мектеп салынады. Биылғы оқу жылында облыста 12 жаңа мектеп есігін айқара ашады, оның 10-ы жайлы мектеп. 2025 жылға дейін тағы 20 мектеп салынады, оның 18-і «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының стандарттарына сәйкес келеді.

Материалдық-техникалық база нығайтылуда. Облыс мектептерінің 80 %-ы заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілген.

Өткен оқу жылында біздің оқушылар қазақстандық білім берудің жоғары халықаралық имиджін растап, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 26 медаль жеңіп алды, бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 8-ге артық.

Қосымша білім беру мен шығармашылық дамуға қаражат бөлінеді. Биыл Пришахтинскіде жаңа «Кәусар» оқушылар сарайы ашылды. Дәл осындай сарай Майқұдықта салынады.

Кеңесте сөз сөйлеген Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев білім беру қызметкерлерінің ел болашағына қосқан зор үлесін атап өтті.

– Біз балалар мен жастардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Бірақ білім беру процесінің сапасы және біздің өңіріміз бен еліміздің болашағына қосқан үлесіміз сіздерге байланысты. Құрметті ұстаздарымыз, біздің алдымызда маңызды міндеттер тұр, бірақ біз барлығын бірге жеңе алатынымызға сенімдімін. Бұл оқу жылы барлық жетістіктер, биік белестер мен жаңа көкжиектер жылы болсын! – деп өңір басшысы қарағандылық педагогтарға тілек білдірді.

Дәстүр бойынша кеңес барысында педагогтарға Ы.Алтынсарин атындағы, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілері, сондай-ақ ҚР Ағарту министрінің құрмет грамоталары табысталды.

 

– Мен 40 жыл үздіксіз сабақ беріп келемін: Жаңажол ауылында 31 жыл жұмыс істедім және соңғы 9 жыл Қарқаралыда еңбек етемін. Мұғалім мамандығын өзім таңдадым. Менің еңбегімді бағалап, «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстағанына ризамын, – деп бөлісті Қарқаралы ауданы О.Жәутіков атындағы №1 мектептің математика пәнінің мұғалімі Дариға Тұрғамбаева.

Нұрсұлтан Ахметов, Қарағанды қаласының №1 Білім инновация лицей-интернатының  информатика пәнінің мұғалімі. Педагогикалық еңбек өтілімі он жыл. Ерен еңбегі үшін ол Ы.Алтынсарин атындағы төс белгімен марапатталды.

– Ы.Алтынсарин атындағы төс белгіге ие болдым. Бұл дәрежеге жету мақсат болмады, өзімнің білімімді пән мұғалімі ретінде жетілдірдім, өзім үйренген нәрселерімді оқушыларыма үйреттім, нәтижесінде оқушыларым облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде пәндік олимпиада, робототехника, ғылыми жобалар бойынша 500 реттен астам қатысып, 300 реттен астам жүлделі орындарға ие болды. Өзім министрлік бекіткен Астана кітап оқулықтарының информатика пәнінен сегізінші-тоғызыншы сынып оқулықтарының соавторы болып келемін. 2018 жылдан бері өзімнің тәжірибеммен бөлісу мақсатында YouTube каналымды жүргізіп келемін. Ұстаздықты саналы түрде таңдадым, осы жолда еңбек еттім және үлкен мақсаттарымның бірі мұғалім ретінде үздік педагог байқауын жеңіп алу болған еді. 2022 жылы сол мақсатыма жетіп, республикалық кезеңнің жеңімпазы атандым. Жалпы оқушылармен жұмыс өзімнің де республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуыма кедергі емес, оларға солай үлгі көрсетемін, – дейді Нұрсұлтан Ахметов.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»