Қарағандыда қазақ тілін тегін үйретуге миллион теңге бөлінді
Қарағандыда сәуірдің бірінен бастап мемлекеттік тілді тегін оқытатын курстар ашылады. Қалалық әкімдік тарапынан бұл мақсатқа 1 миллион теңге қаражат бөлінді.
Биыл қазақ тілін оқуға бел буып отырғандардың саны көбейген. Мысалы былтыр бір маусымда 100 адам оқытылса, биыл тек үш күнде 90 адам осы курсқа қатысуға ниет білдірген. Жалпы алғанда бұл қаражатқа кемі 250 адамды оқыту жоспарланып отыр. Тілді оқуға өтініш бергендердің арасында күрдтердің, татарлар мен орыстардың саны басым дейді мамандар.
Оқытуды жүйелі жүргізу үшін алдымен курсқа келгендердің білім деңгейі анықталады. Кейін қай санаттан бастап оқтылатыны белгілі болмақ. Осылайша 20 тыңдаушыдан топтар жасақталады. Биылғы карантиндік шектеулерге байланысты оқу «Zoom» платформасы арқылы қашықтықтан жүргізілмек.
Қазіргі күні қазақ тілін оқытатын оқытушылар іріктеліп жатыр. Олар «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенін пайдаланатын болады. Тыңдаушылардың ішінде студенттердің саны басым. Алайда, зейнет жасына жеткендер де бар. Жалпы, тіл үйренушілердің жас ерекшелігі әр-түрлі дейді «Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ тілдерді дамыту жөніндегі бас маманы Ұлжан Бөрібаева.
Ал, өткен жылы облыс бойынша шамамен 4 мың адам тіл курстарын оқып бітіріпті. Оның ішінде басым көбі қазақ тілін үйренген. Курстарға ерікті түрде жазылған өзге ұлт өкілдерінің қатары артты дейді мамандар. Карантиндік шектеулер мен қашықтықтан оқыту әдісіне қарамастан білімін жетілдіргісі келгендер жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Былтыр қазақ тілін үйренген шәкірттің ең үлкені 77 жаста. Орыс ұлтының азаматы қазақ тілін үйренуге ынта білдірген. Нәтижесінде алғашқы деңгей сынақтарынан сүрінбей өтіп, екінші деңгейге көшкен.
Ал, тегін атамауды өтінген Марина есімді азамат қаладағы ойын-сауық үйлерінің бірінде сатушы болып жұмыс істейді.
«Мемлекеттік қызметшілерге бюджет есебінен мемлекеттік тілді үйренуге курстар ашыдып, жағдай жасалған. Ал біз секілді жекеменшік орталықтарда жұмыс істейтіндрге ондай көмек қарастырылмаған. Қосымша курстарға барып оқуға жалақым жетпейді. Интернет арқылы үйренуге тырыстым. Алайда мұғалімсіз меңгеру қиын екен. Ірі супермаркеттер желісінің қожайындарына қызметкерлеріне қазақ тілін үйрететін курстар ашуды міндеттесе екен. Себебі халықпен бетпе-бет келетін, тіл білмейсің деп сөз еститіндер біздер. Мен үйренбейін демеймін. Тек бізге жұмыс берушілер тарапынан да жүйелі көмек болса»,-дейді сатушы.
Мемлекеттік тіл курсына қатысқысы келгендер «Қарағанды қалалық әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ-не хабарласса болады. Оқу 72 сағатқа шақталған.
Дәуренбек Бақдәулет