ҚАРАҒАНДЫДА ҚАМАУҒА АЛЫНҒАНДАРДЫҢ ЖАҚЫНДАРЫ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАУҒА ДАЙЫН
Қарағандыда қамауға алынғандардың жақындары аштық жариялауға дайын. Бұл туралы 31-арна тілшісі хабарлады. Осымен екінші рет облыс прокуратурасының алдына жиналған олар егер құзырлы орган істің ақ — қарасын анықтамаса өздерін өртейміз деп сес көрсетті. Бұған дейін наразылар құқық қорғау орындары туыстарын жазықсыз қамап тастағанын айтқан еді. Естеріңізге салайық жәбірленуші Талғат Балмағамбетовтің арызынан кейін бірден төрт адам тергеу изоляторына жеткізілген.
Бұл азаматтар облыс прокуроры Марат Сексембаевтың қабылдауына осымен екінші рет келді.
Бұған себеп — Шахтинск қаласының Долинка кентіде екі жыл бұрынғы түсірілген мына видеодағы төбелес. Топтың ішінде болған Талғат Балмағамбетов жарақат алдым деп құзырлы органдарға арыз жазған. Жиналғандардың жақындарын «мені өлтірмек болды» деп айыптаған. Құзырлы орган істі тергеп, күдіктілерді бірден қамауға алған. Қамауға алғандардың жақындары енді аштық жарияламақ.
ИРИНА ХАСАНОВА, Шахтинск қаласының тұрғыны:
– Біз аштық жариялауға мәжбүрміз. Бала-шағамызбен келіп прокуратураның алдына қонамыз. Ол болмаса өз-өзімізді өртейтін боламыз. Құзырлы органдар бізді естісін.ЖҰПАР ЖҰМАБЕКОВА, Шахтинск қаласының тұрғыны:
– Келіншектерге қосылып аштық акциясын жариялаймын мен де. Төрт кәмелетке толмаған баламды әкелем де жатамын енді прокуратураның жанында. Мен балам үшін әртүрлі іс- әрекеттерге баруға дайынмын.
Әділдік іздеген жұрт бұл жолы да прокурордан мардымды жауап ала алмады. Себебі іс тек бүгін ғана прокурордың қолына түскен екен.МАРАТ СЕКСЕМБАЕВ, Қарағанды облысының прокуроры:
– Шағымдар өндірісімізде, істі қарап одан кейін жауап береміз.
Ал арыз жазған Талғат Балмағамбетов бұл жолы да қандай бір жауап беруден бас тартты. Ал облыс прокуроры Марат Сексембаев істің мән-жайын төрт күннен кейін айтуға уәде берді.
Диана Сапарқызы