Қарағандыда Қаланың бас жоспарын түзету бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті: басты тақырып — қала экологиясы

Достық үйінде қаланы дамытуға арналған Бас жоспар жобасына түзетулер енгізу бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Қатысушылардың басты назарында Қарағандының болашақ экологиялық ахуалы тұрды. Тыңдауларды қалалық әкімдік ұйымдастырды. Іс-шараға шамамен 200 қала тұрғыны, мемлекеттік органдардың өкілдері, жобаны әзірлеушілер мен сарапшылар қатысты.

Әкімдік тарапынан тыңдауға Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов және жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы мәселелері бойынша орынбасары Қайрат Қамзин қатысты. Жобаны «Биосфера Қазақстан» компаниясы ұсынды, әзірлеушінің өкілі – Валентин Жирков.

Басымдықтар: экология және жайлы өмір сүру

Әкім орынбасары Қайрат Камзиннің айтуынша, жаңартылған Бас жоспар жүйелі сипатқа ие. Онда жаңа өсу нүктелері анықталып, рекреациялық аумақтар кеңейтілген, көлік инфрақұрылымын жаңғырту қарастырылған. Оның айтуынша, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен экологиялық тұрақтылық – басты басымдықтар.

Осы мақсатта қалада заманауи тазарту технологияларын енгізу, жасыл аймақтарды көбейту және қалдықтарды басқару жүйесін дамыту жоспарлануда. Жобаға сондай-ақ шуды азайту мен қоршаған ортаның ластануын бақылау шаралары енгізілген.

Аумақты дамыту және экология

Валентин Жирковтың айтуынша, аумақты дамытудың негізгі бағыты оңтүстік-шығыс, Майқұдық және Пришахтинск аудандарына қарай ығысады. Жоба аясында ЖЭО-3 алаңында жаңа қазандық салу және ЖЭО-1-де экологиялық жағынан тиімдірек қазандықтарды орната отырып, қайта жаңғырту көзделген. Бұл зиянды заттардың атмосфераға таралуын азайтуға мүмкіндік береді.

Газдандыру жұмыстары да ауқымды түрде жалғасады – негізінен жеке тұрғын үй секторы бойынша 28 мыңнан астам жаңа абонент газға қосылады.

Көлік инфрақұрылымын дамыту

Бас жоспардағы маңызды бағыттардың бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту. Жобада келесі бастамалар қамтылған:

көше-жол желісін және қоғамдық көлік жүйесін кеңейту;

«CargoHUB Karaganda» мультимодальды логистикалық орталығы аясында «Сары-Арқа» әуежайын дамыту;

жылдамдықты жерүсті көлігін енгізу және қала маңы – қалааралық теміржол желісін құру;

айналма жолдың жаңа батыс бөлігін салу;

велосипед жолдарының желісін дамыту және олардың өзара байланысын қамтамасыз ету.

Сумен жабдықтау және қалдықтарды басқару

Бас жоспарға сәйкес, Пришахтинск, Майқұдық және Сортировка шағын аудандарында жергілікті кәріз тазарту құрылыстары салынады. Бұл құбыр желілерінің тозуын азайтып, сумен жабдықтау жүйесін орталықтан тыс әрі апаттарға төзімді етуге бағытталған. Сондай-ақ тазартылған ағын суларды қайта пайдалану қарастырылған.

2055 жылға қарай ҚТҚ көлемі 267 мың тоннадан 385 мың тоннаға дейін артады деп болжануда. Осыған байланысты Бас жоспарда жаңа қоқыс полигонын, қалдықтарды жағатын зауыт салу және сұрыптау қуаттарын ұлғайту көзделген.

Ластануды бақылау және мониторинг

Бас жоспар қоршаған ортаның жай-күйін бақылауға бағытталған шараларды да қамтиды. Атап айтқанда, «Сары-Арқа» АЭА аумағы мен өндірістік аймақтарда «Қазгидромет» жаңа бақылау бекеттерін орнатады. Су сапасын нақты уақыт режимінде бақылауға арналған гидробекеттер орнатылады. Тұрғын аудандардағы шу деңгейі мемлекеттік органдармен жылына кемінде бір рет өлшеніп отырады.

Сонымен қатар, ҚР Экологиялық кодексінің 78-бабына сәйкес, жобадан кейінгі қоршаған ортаға әсерді бағалау талдауы міндетті түрде жүргізіледі.

Тыңдаулардың қорытындысы

Іс-шара соңында қатысушылардың басым бөлігі Бас жоспарға енгізілген түзетулер жобасын қолдады. Қайрат Қамзин барлық конструктивті ұсыныстардың ескерілетінін айтты. Қоғамдық тыңдаулар аяқталып, Қарағандының экологияға негізделген тұрақты дамуына қарай тағы бір қадам жасалды.