Қарағандыда 40 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылады

Қарағанды облысында биыл 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру барысында жұмыспен қамту шараларымен 41 мың адамды қамту жоспарлануда.

Өңірдің жұмыссыз тұрғындары «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын пайдалана алады.

«Жастар тәжірибесі» жобасына колледждер мен жоғары оқу орындарының 29 жастан аспаған түлектері қатыса алады. Биыл осы бағдарлама бойынша 721 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

«Жастар тәжірибесінен» өту ұзақтығы 12 айға дейін созылады. Сондай-ақ 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жалақы есептеледі. «Бірінші жұмыс орны» жобасына жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер немесе халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыздар, сондай-ақ NEET санатындағы 29 жастан аспаған жастар қатыса алады.

«Бұл ретте жобаға қатысушылар 18 ай ішінде мемлекеттен 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде субсидияланған жалақы алатын болады. Жыл басынан бері өңірде осы бағдарлама бойынша 40 адам жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін 238 адамды қамту жоспарланып отыр. Бұдан басқа зейнет жасындағы жұмыс істеп жүрген қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып жұмысқа орналастыру үшін өңірде «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы іске асырылуда», — делінген хабарламада

Биыл жобаға қатысу үшін екі адам жіберілді. Жыл соңына дейін 34 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Өңір тұрғындары электронды еңбек биржасының www. enbek.kz порталы арқылы жұмыс таба алады және жобаларға қатысуға өтінім бере алады. Бүгінгі таңда оның базасында 8 222 бос жұмыс орны бар. Цифрлық платформаны ұялы телефон арқылы да, өзіне-өзі қызмет көрсетудің 32 аймағы жабдықталған облыстың халыққа қызмет көрсету орталықтарында да пайдалануға болады.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»