Қарағанды зообағына сирек жыртқыштар әкелінді
Қарағанды зообағы жаңа әрі ерекше тұрғындармен толықты. Жақында мұнда сирек кездесетін африкалық жыртқыштар – жолақты гиеналар мен гиенаға ұқсас иттер жеткізілді. Қазіргі уақытта жануарлар жаңа ортаға бейімделу кезеңінен өтуде.
Зообаққа келген жаңа жыртқыштар алғашқы күннен-ақ келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Олардың ерекше дене бітімі, қимыл-қозғалысы мен өзгеше түсі көпшіліктің назарын аударуда. Көпшілік бұл жануарларды көбіне фильмдер арқылы танығанымен, онда олар көбіне жағымсыз кейіпте көрсетіледі. Ал шын мәнінде, олар – табиғаттағы ерекше әрі ақылды жыртқыштардың бірі.
Қарағанды зообағының директоры Гульнара Адамбекованың айтуынша, бұл жануарлардың шыққан тегі Солтүстік Африкамен байланысты.
– Бұл жолақты гиеналар мен гиенаға ұқсас иттердің тарихи отаны – Солтүстік Африка, Судан және Чад өңірлері. Олардың ата-аналары да сол аймақтан шыққан. Ал өздері Армениядағы жеке хайуанаттар бағында уақытша ұсталды. Бұл – өте ақылды жануарлар. Әсіресе гиеналар адамның дауысын ажыратып, қарапайым командаларды орындай алады. Олардың «күлкіге» ұқсас дыбыстары көңіл күйін білдіреді, – деді ол.
Мамандардың айтуынша, гиеналар – жоғары интеллектіге ие әлеуметтік жыртқыштар. Олардың топтарында матриархалдық құрылым қалыптасқан, яғни ұрғашылары басымдыққа ие болады. Сонымен қатар көпшілік арасында қалыптасқан пікірге қарамастан, гиеналар тек өлексемен қоректенбейді. Олар – шебер аңшылар және табиғи экожүйеде маңызды рөл атқарады. Қуатты жақ сүйектерінің арқасында тіпті ірі сүйектерді де оңай үзе алады.
– Бұл жануарлар теледидардан көргеннен әлдеқайда әдемі әрі ерекше. Олар өте зерек, мінезі мен сыртқы келбеті жағынан бірегей. Ақыл-ой деңгейі бойынша олар приматтарға жақын, яғни жыртқыштар арасындағы ең зерек жануарлардың бірі, – деп атап өтті зообақ директоры.
Ал жыртқыштар бөлімінің жетекшісі, ветеринар дәрігер Айтбек Намазбаевтың айтуынша, жануарлардың толық бейімделуі үшін уақыт қажет.
– Жануарлар жақында ғана жеткізілді, қазір карантин және бейімделу кезеңінен өтуде. Уақыт өте келе олар жаңа ортаға, қызметкерлер мен келушілерге үйренеді. Әр жануардың мінезі әртүрлі болғандықтан, біз олардың жағдайын тұрақты бақылап, жеке тәсіл қолданамыз, – деді маман.
Айта кету керек, гиенаға ұқсас иттер де ерекше жыртқыштардың қатарына жатады. Олар табиғатта сирек кездеседі және өзіндік мінез-құлқы мен тіршілік ету ерекшеліктерімен ерекшеленеді.
Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, жаңа тұрғындардың келуі – зообақ өміріндегі маңызды оқиға. Бұл тек келушілер үшін қызықты жаңалық қана емес, сонымен қатар жануарлар әлемін танып-білуге мүмкіндік беретін танымдық мүмкіндік. Енді қала тұрғындары мен қонақтары Африка табиғатының ерекше өкілдерін өз көздерімен тамашалай алады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»


