Қарағанды жылу маусымына дайындалуда
«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қаламызда жылу маусымына дайындық басталып кетті.
Алдағы қыста Қарағандыда үшінші жылушығарғыш іске қосылмақ. Ол Оңтүстік-Шығыстағы жаңа ғимараттарды сапалы жылумен қамтамасыз етеді және жұмыс істеп тұрған желілердің жүктемесін жеңілдетеді. Жоба бірнеше кезеңге бөлінген. Жұмыстар жоспарға орай жүргізілуде, жақында құрылыс жұмыстары аяқталады.
Құбыр ЖЭО-3-тен Оңтүстік-Шығысқа қарай тартылды. Оның жалпы ұзындығы 22 км.
– Бүгінгі таңда 20,8 км құбыр тартылды, сорғы станцияларының 90 пайызы жиналды. Бір тармағы қалды, біз оны тамызға дейін аяқтаймыз. Содан кейін гидравликалық сынақтар, технологиялық баптау жүргізіп, қыркүйек айында жылу шығару жүйесін пайдалануға береміз, – деді Қарағанды қаласы Құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.
Қаланың екі жылу көзінде жоспарланған жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде, энергетиктер екі ауысымда еңбектеніп жатыр. ЖЭО-3-те екі қазандық пен бір турбина күрделі жөндеуден өтеді.
– Қазандықтарда жоғары температураның тұрақты әсеріне ұшырайтын қыздыру беттерін ауыстырамыз. Сондай-ақ тиісті мерзімін өтеген жабдық тораптары ауыстырылады. Біз түтін газдарын тазартуды жақсартатын үшінші буын эмульгаторларын орнатамыз. Былтырдан бері ондай құрылғы екі қазандықта тұр, – деді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.
ҚР ЭМ АЭҚБК аумақтық департаментінің Қарағанды облысы бойынша басшысы Ернар Хасеновтің айтуынша, №5 қазандықта авариялық учаскелерді толық ауыстыру қарастырылған. Бұл төзімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылыту маусымында екінші қазандықта ешқандай проблема болған жоқ. Дегенмен ол төрт жылда бір рет жоспарлы күрделі жөндеуге енгізіледі.
Қаладағы жылу желілерінде ақаулы аймақтарды анықтау үшін гидравликалық сынақтар жалғасуда. Апатты учаскелер жөнделетін болады.
Жазда 30 шақырымнан астам жылу желісін ауыстыру жоспарлануда, олардың төрттен бірінен астамы – магистральдық желі.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»