Қарағанды жастары референдум және конституциялық реформалар туралы талқылады
Достық үйінде жастар және волонтерлік ұйымдар өкілдері, сондай-ақ оқу орындарының студенттері жиналып, белсенді жастар алдағы конституциялық реформалар туралы талқылады.
Қазір бүкіл ел бойынша түрлі оқу орнында студенттермен бірге ұлттық референдум туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Ассамблея жастары» қазақстандық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаевтың айтуынша, бұл өте маңызды. Өйткені Қазақстан тұрғындарының 60 пайызға жуығы — 30 жасқа дейінгі жастар. Олар жақын арада жаңа Қазақстанды алға жетелейді. Жұмырбаевтың пайымдауынша, біз тарихи оқиғаның куәгері боламыз.
— Бүгін және референдум күніне дейін біз азаматтардың түрлі санатымен белсенді жұмыс істейміз. Бірақ біздің елде жастар — ең үлкен санаттардың бірі. Біздің елімізде тұрғындардың шамамен 60 %-ы 30 жасқа толмаған. Бүгін жастармен саяси жүйенің өзгеруі біздің жастар үшін өте жақсы және үлкен мүмкіндіктер беретінін талқыладық. Сайлау жүйесінің өзгеруі, бәсекелестіктің артуы бүгінгі таңда жауапкершілікті өз мойнына алатын, өзекті мәселелерді нақты шеше алатын және оны құра алатын жаңа, жас көшбасшылар мен басқарушылардың қалыптасуына ықпал етеді. Мен бүгін талқылауға қатысқан біздің көшбасшылар болашақта осы білімді пайдаланады, мәслихатқа, Парламент Мәжілісіне сайлана алады деп сенемін. Әрине, бүгін талқылаған мәселелердің бәрі қатысушылардың жүрегінде кең орын тапты деп ойлаймын. Конституцияға енгізілетін түзетулер, оның ішінде адамның іргелі құқықтарын кеңейтуге, Конституциялық сот құруға да қатысты. Мұның бәрі біздің қоғамымыз демократия, өзара құрмет әділдігі қағидаттары негізінде құрылып, дами беруіне бағытталған. Менің ойымша, бүгінде жастар мұны түсінеді.
Әрине, өз құрдастарыма, біздің жастарымызға айтқым келетіні — қазір бізде өзіміз қалаған қоғамды құрудың бірегей тарихи мүмкіндігі бар. Біздің еліміз ертең қандай болатыны бүгінгі біздің іс-әрекетімізге байланысты екенін түсінуіміз өте маңызды. Жаңа Қазақстан — жай ғана жабық стратегия, ұран емес. Мұның бәрін біз бүгін жастармен талқыладық. Жастар әділеттілік танытуға құштар, — деді Тимур Жұмырбаев.
Бұл шараға Қарағанды жастар мәслихатының депутаты Аслан Смағұлов та қатысты. Ол «жаңа Қазақстан» ұғымы туралы түсіндірді:
— Бұл — қоғамның барлық мүддесі ескерілген идеалды мемлекеттің ұжымдық бейнесі. Оны қажетті құралдар мен өзгерістерсіз құру мүмкін емес.
Қазақстанға жаһандық мемлекеттік деңгейде жүйелі өзгерістер қажет. Мен осындай өзгерістердің жалпыхалықтық дауыс беруге шығарылғанына өте қуаныштымын. Дауыс беру керек пе, жоқ па, мен ешкімді шақыра алмаймын, өйткені бұл — әркімнің құқығы және мен әр азаматтың таңдау жасауын қалаймын. Ойланбастан барып дауыс берудің орнына ұсынылған барлық түзетуді оқуға шақырамын. Мен референдумда қаралатын Конституцияның заң жобасын зерделеуді ұсынамын.
Болашақта балаларыма «Мен сол күні болдым, осы тарихи оқиғаға қатыстым, соның ішінде жаңа Қазақстанға қадам бастым» деп айта аламын. Менің ойымша, азамат үшін ең маңызды және тиісті шешім — дауыс беру. Мен барлық түзетуді өзім зерттедім. Бірақ, негізінен, қазір табиғатты пайдаланумен және халыққа қайтарылатын жер ресурстарымен байланысты түзету туралы көп айтылады. Себебі 1995 жылғы жаңартылған Конституция бойынша, олар мемлекетке тиесілі. Мемлекет оны пайдаланады, мемлекет оларды басқарады. Егер біз осы түзетулерді қабылдайтын болсақ, онда мемлекет халықтың пікіріне қарамай ресурстарды басқара алмайды, — деді Аслан Смағұлов.
Қарағанды облыстық «Полония» поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский елдегі тіл саясаты тақырыбын қозғады.
— Қасым- Жомарт Кемелұлы Қазақстанның тіл саясатына ерекше көңіл бөледі. Тарихи тұрғыдан алғанда, елімізде 130-ға жуық ұлт өкілі өмір сүреді. Бүгінгі таңда қазақтілді халық саны артып келеді. Мемлекеттік тілді бәріміз үйренуіміз керек екені қисынды да, түсінікті де деп есептеймін. Бұл, әрине, бізге Қазақстанда жұмыс істеуге және жайлы өмір сүруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік саясаттың арқасында барлық халыққа құрметпен қаралады. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы — дәлел. Елімізде ана тілін үйренуге тамаша мүмкіндіктер бар. Тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де қазақ мәдениетіне қызығушылық танытып, қазақ тілін үйренуде, — дейді.
Ұлттық референдум 5 маусымда өтеді.
Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»