Қарағанды жастары: Мемлекеттік саясаттың тиімділігі мен шешімін күткен түйткілдер

Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы «Қарағанды облысында 2023–2024 жылдардағы жастар саясаты шараларын іске асырудың тиімділігі» атты дөңгелек үстел өткізді. Шараға тексеру комиссиясының өкілдері мен жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында комиссия мүшесі Менсулу Бектурова жастардың құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік-саяси өмірге белсенді қатысуы мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басты міндеттері екенін атап өтті.

2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына сәйкес Қарағанды облысында белгіленген бағыттар бойынша жұмыс жүргізілді. Алайда, іске асырылған шараларға қарамастан, жастар арасында «NEET» деңгейі, қылмыстық көрсеткіштер мен әлеуметтік проблемалар байқалды.

Мәселен, 2023 жылы NEET жастарының үлесі 10,2 %-ға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 %-ға артты. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 7,9 %-ға дейін төмендегенімен, жоспарланған межеге әлі жете қойған жоқ. Сонымен қатар, жастар арасында салауатты өмір салтын сақтау деңгейі төмен, әсіресе ұйқы режимінің бұзылуы, әлеуметтік желілерде ұзақ уақыт өткізу және бейне ойындарға тәуелділік кең таралған.

Жұмыссыздық деңгейі 3,0 %-ды құрағанымен, жастардың еңбек нарығындағы сұранысқа сай бейімделуі қиындық тудырып отыр. Ал жастардың саяси өмірге қатысу деңгейінің төмендігі мен Жастар кеңестерінің жабықтығы бұл саланың ашықтығын қажет ететінін көрсетеді.

Білім беру мен тұрғын үй бағдарламаларындағы теңсіздіктер де — жастар саясатының күрделі мәселелерінің бірі. Ауыл мен қала жастарының мүмкіндіктері арасындағы айырмашылық, шетелге кету үрдісі және жастарға арналған ипотекалық бағдарламалардың қолжетімсіздігі — мұның барлығы жүйелі шешімдерді талап етеді.

Дөңгелек үстелде қатысушылар жастарды қолдаудың нақты жолдарын, жұмысқа орналастыруды жеңілдетуді, білім мен баспанаға қолжетімділікті арттыру мәселелерін кеңінен талқылады. Осы арқылы жастар қозғалысын әрі қарай дамытуға бағытталған ұсыныстар берілді.

 

Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының ақпараты негізінде