Қарағанды – жасанды интеллект дәуірінің аймақтық драйверіне айналмақ
Қазақстан жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы ел дамуының жаңа көкжиегін айқындап, басты бағдарды білім мен интеллектке бұрды. Осыған орай Қарағандыда өткен облыстық жиында өңірде цифрлық жаңашылдықтарды енгізудің нақты жолдары талқыланды.
Жиында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент Жолдауындағы ойларды аймақтың дәстүрімен сабақтастыра отырып:
«Жолдауда айтылған тағы да бір маңызды ой – бүгінгі дәуірдегі біздің басты байлығымыз мұнай емес, білім мен интеллект. Қарағанды ежелден білікті кадрлармен, мықты білім беру әлеуетімен танылған. Дәл осы негіз бізге жаңа буын мамандарын сенімді түрде тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Алайда, заман талабы өзгерді – Қарағанды жастары машина ғана емес, алгоритм мен жасанды интеллектпен де жұмыс істей білуі қажет», – деді.
Отырыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов өңірдің көлік инфрақұрылымындағы ірі жобалардың бірін таныстырды.
«Қарағанды әуежайы базасында мультимодальды CargoHUB Karaganda және арнайы экономикалық аймақтың субзонасы құрылуда. Оған 354 гектар жер бөлінді. Сондай-ақ, жаңа 6 000 м³ жанармай кешені салынып жатыр. Жоба Jet A-1 стандарты бойынша авиаотын жеткізуді қамтамасыз етеді. Болашақта жүк көлемі 200 мың тоннаға дейін артып, 2 мың жұмыс орны ашылады», – деді ол.
Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий аймақтың IT-білім беру әлеуетіне тоқталды.
«Қарағанды облысы дәстүрлі түрде IT-мамандарын даярлау орталығы болып саналады. Жыл сайын жетекші жоғары оқу орындары мен колледждер IT бағыты бойынша шамамен 600 студентті түлеп шығарады. Білім сапасын арттыру және жастарды цифрлық экономикаға тарту мақсатында аймақтық IT-Hub “Терриконовая долина” оқу орындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асырып, жасанды интеллект бойынша дәрістер мен білім беру шараларын өткізеді», – деп атап өтті ол.
Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов инвестиция мен кәсіпкерлік бағытындағы жоспарлармен бөлісті.
«2024 жылы өңірге 1,4 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 64%-ды құрады. Бұл өңірдің инвестициялық әлеуетін одан әрі арттыруға берік негіз. 2025 жылы 1,5 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, оның шамамен 50%-ы экономиканың стратегиялық маңызы бар саласы – өнеркәсіп секторына бағытталмақ», – деді ол.
Қорытынды сөзінде Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандының болашағына қатысты:
«Қарағанды өңірі болашақ Қазақстанның зертханасына айналуы тиіс. Мұнда дәстүрлі өндіріс пен жаңа технология, ауыл өнеркәсібі мен жасанды интеллект тоғысуы қажет. Тұрақты дамудың түпқазығы – заң мен тәртіп. Сондықтан Президент айқындаған стратегиялық бағыттарды нақты іске асыру – біздің басты міндетіміз», – деп түйіндеді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»