ҚАРАҒАНДЫ — ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАРДЫҢ АСТАНАСЫ

Облыс бойынша Қарағанды жұмыссыздар саны жағынан көш бастап тұр.. Орта, жоғары білімі бар бола тұра, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге үкімет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бұл мәселе төңірегінде Қарағанды әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Сыздықов Нұржан Хамитовичпен сұхбат жүргіздік.

  • Бүгінде жұмыссыз ретінде тіркелген қарағандылықтардың саны қанша? Қанша пайызы қандай жұмыспен қамтамасыз етілді?
  • Жыл басынан бүгінге дейін 2800-ден астам азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның 1864-і жұмыспен қамтылды. Атап айтсам, 452 азамат жастар практикасы бойынша жұмысқа тұрса, әлеуметтік қызметке тағайындалған 66 адамның 34-і, қоғамдық жұмыстарға жіберілген 325 адамның 168-і 29 жасқа дейінгілер. 84 қарағандылық қысқа мерзімде оқытылуда, оның да жартысынан көбі – жастар. Жоспар бойынша тағы 50 адамды әлеуметтік жұмыспен қамтамасыз етеміз. Әлеуметтік жұмыс орындарындағы еңбек ақысының 35%- ын мемлекет төлесе, қалған 65%- ын жұмыс беруші тарап төлейді.
  • Жастарды еңбекке ынталандыру үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
  • Қазір үйден шықпай-ақ табыс таба алатын заман болды ғой. Жалқаулығын жеңе білген кез-келген адамға жұмыс табу оңай. Дипломды жастардың көбі төрт-бес жыл уақытын босқа өткізгендігін «Ата-анамның қалауы осы болды» болды деп түсіндіреді. Арнаулы білімі жоқ мамандар «көк құжаттың» жоқтығын сылтауратады. Осындай сан алуан «еркеліктерге» қарамастан, біз қолымыздан келгенін жасап бағудамыз. «Оқимын» дегендерді мемлекет қысқа мерзімде тегін оқытып, шәкіртақысын да төлеуде. «Кәсіп бастаймын» дейтін жандарға да арнаулы грантымен бағдарламалар қарастырылған: «Бизнес бастау», «Атамекен», «Даму», тағы сол сияқтылар. Бастысы – бар күш-жігеріңді жиып, шын ниетпен іске кірісу.
  • Ұсынылатын жұмыс түрлері азаматтарды қаншалықты қанағаттандырады?
  • «Қара жұмысқа жегіп қояды» деп сөгетіндер де бар. Бірақ әр азаматтың қызығушылығы мен қабілетіне қарай жұмыс ұсынылады. Көп балалы аналарға жарты күндік техникалық қызметкерге вакансия бар екендігін айтсақ, бастарын ала қашады. Адал жолмен, таза маңдай термен бала-шағасын асырағанға не жетсін? Оған қоса, таңертеңнен кешке дейін емес, күндізгі уақытының жартысын ғана жұмысына, басқа уақытын балаларына арнай алады. Кей жігіттер біз ұсынған жұмыстың жалақысының төмендігін алға тартады. Сол уақытты бос өткізгенде оған ешкім «аз» да болса, жалақы төлемейді. Еңбек ақысы төмен болса да, жұмыс істеп, тәжірибе жинап, басшылықтың көзіне түсіп, мансап жолын қалыптастыруға ешкім кедергі емес.
  • Орталық көмегімен кәсіп ашып, бүгінде шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтар туралы айта кетсеңіз.
  • «Еңбек» бағдарламасы аясында 3 не 6 айлық курсты оқып бітіргендерге 200 айлық есеп көрсеткішінде, яғни 584300 теңге көлемінде грант ұтып алу мүмкіндігі қарастырылған. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мен азаматтар да бұл грант конкурсына қатыса алады. Қазіргі таңда қала бойынша 50 грант бөлінген. Бұл біздің шаһарға аз, әрине. Сондықтан, біз мемлекетке грант санын арттыруға өтінім білдірдік. Жарты миллионды ұтып алғандар мемлекетке қайда жұмсағандығы туралы есеп беруі тиіс. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек алатын ананың бірі жылыжай ашамын десе, тағы біреуі мал шаруашылығымен айналысамын деп, бөлінген қаражатты басқа дүниеге жұмсаған. Қазір олармен сот органдары жұмыс жасауда. Бізден грант ұтып алып, бал шаруашылығын дөңгелетіп отырған тұлғалар да бар. Қазір олар «Даму» жобасына қатысып, әрі қарай шыңдалуда. 1-топтағы мүгедек, зағип азамат та массаж жасау орынын ашып, жұмыс жасауда. Мүмкіндігі шектеулі тағы бір жан жартылай дайын өнімдер саудасымен айналысып жүр. Сол себепті, «Шектеулер біздің ойымызда ғана».
  • Сұхбатыңызға көп рақмет!

Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ