Қарағанды тумасы туған қаласында алғашқы толықметражды фильмін таныстырды

21 наурыздан бастап Қазақстан мен Қырғызстанның прокатына Қарағанды тумасы, режиссер Диас Бертістің толықметражды фильмі «Үкім» экшн-драмасы шықты. Фильм 2000 жылдардың соңында Ыстықкөл жағалауындағы шағын қалада болған шынайы оқиғаға негізделген. Жаңа фильм Қарағанды жұртшылығына таныстырылып, көрерменмен кездесуге режиссер бастаған түсірілім тобы келді.

Осы сәтті пайдаланған біз фильм сценарисі әрі режиссері, жерлесіміз Диас Бертіспен сұхбат құрдық.

– Диас, жалпы өзіңіз жайлы айта кетсеңіз, Қарағанды тумасымын дедіңіз, бұл жақтан қашан кеттіңіз және режиссер болу бала күнгі арманыңыз ба еді?

– Иә, мен Қарағанды қаласының тумасымын, осында туып-өстіп, осыдан 13 жыл бұрын Алматыға көштік. Бала кезімнен режиссер болам деп армандадым. Жалпы, өзім «Мұрагерде» оқып, оны 2011 жылы бітірдім. Тарихқа өте қатты жақын болдым, содан әуелде тарих факультетіне түсемін деп ойлағам. 2006 жылы 6-сынып оқып жүргенде «Көшпенділер» фильмі шықты. Барып көрдік, содан кейін романды толық оқыдым. Сол кезде «бұл кино дұрыс түсірілмеген» деген ой келді. Содан болашақта режиссер боламын, бұл киноны қайта түсіремін деп шештім. Сөйтіп, Жүргенов академиясы жайлы естіп, сонда режиссураға тапсырдым. Сонымен қоса мен қазақ киносының мэтры Сатыбалды Нарымбетовтің шәкіртімін. Сол кісіден үйренгенім көп болды. Жалпы, киноның «түпкі мақсаты қандай, яғни қандай тақырыптарды қозғауы керек, көрерменге не бере алады?» деген өзіндік «нагрузкасы» бар, сол дүниені түсіндім және әр жоба сайын соны ұстануға тырысамын. Менің арманым – болашақта тарихи кинолар түсіру, бірақ ол үшін белгілі бір интеллектуалдық, эмоционалдық, рухани, кәсіби тұрғыда өсу керек. Қазір кино саласында жұмыс жасаймын, мамандығым – режиссер. Осыған дейін «Игрок» және «Черный двор» атты сериалдар түсіргем.

– Енді әңгімемізді бүгін Қарағанды жұртшылығына таныстырылған «Үкім» («Приговор») атты алғашқы толықметражды фильміңіз жайлы өрбітсек. Бұл фильмнің идеясы қалай келді, оның жеткізер басты ойы не?

– Бүгін біз «Үкім» фильмінің презентациясымен туған қалама келдік, бұл – менің толықметражды дебюттік туындым. «Черный двор» сериалының қоюшы-операторы қырғызстандық Автандил Батырбеков еді, «Үкім» фильмінің өзегі осы оператордың идеясын арқау етті. Ол идеясын маған айтып, маған қызық болып көрінді, сол идеяны әрі қарай өрбіту барысында, әрине, бұл фильмнің көрерменге жеткізер ойы да өзгерді. Мен бұл фильмде тек режиссер ғана емес, сондай-ақ сценарий авторымын. Нақты айтқанда, сценарийін сценарист Ален Рахметалиев екеуіміз бірге жаздық. Фильмнің өзіне тоқталатын болсақ, көбісі ойлағандай, «Черный двордың» жалғасы емес. Бұл – мүлдем басқа оқиға және кезеңі жағынан да басқа уақыт, себебі «Черный двор» сериалы 2000 жылдардың басы болса, «Үкім» – 2000 жылдардың соңы. Бұл фильмнің басты кейіпкерлері – менің замандастарым, яғни 17-18 жастағы балалар, сол уақытта мен сонша жаста едім. Сол бозбала шағымда көрген, өскен ортамнан сезген, эмоционалдық тұрғыдан есімде қалған дүниелерді, арасында көше өмірі де бар деген сияқты, осы фильмге салдым. Өзім Майқұдықта тұрғанмын, ал Майқұдықты бәрі біледі. Сонымен, негізгі оқиға әділетсіздік жайлы, яғни сот жүйесінің әділетсіздігі. Бұл – қырғызстандық оқиға болғанымен және сол жақта түсірілгенімен, әмбебап оқиға. Мен үшін бұл – притча сарыны бар фильм, мұндай оқиға кез келген елде болуы мүмкін. Орысша айтқанда, «глубинка», провинцияда, яғни кішігірім қалада болған оқиғалардың бірі. Ондай оқиғалар, негізі, біраз баршылық. Шынайы оқиға желісімен түсірілді. Бұл – 2009 жылы Қырғызстанның Тоқмақ деген кішігірім қаласында болған оқиға. Иә, ол жерде кішкене басқаша болған, балалар РУВД-ны басып алып, сонда штурм кезінде қаза табады. Негізі сол күйі қалды, бірақ адамдардың кейпі ойдан құрастырылған, яғни «художественный вымысел». Алайда мотиві, түп негізі шындыққа негізделген. Бұл – сюжеттік жағы, ал фильмнің негізгі жеткізер ойы – мейірімділік.

Драматургияда «сверхидея» деген түсінік бар, фильмнің сверхидеясы ретінде мен Құраннан аят алдым. «Шура» деген сүренің 40-аяты мейірімділік жайлы. Бұл аят мазмұны монтаж кезінде туындаған жоқ, сценарий жазу барысында болды, яғни ең басынан салынған дүние. Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалар адамдардың бір-біріне деген мейірімі жоқтығынан. Адам мен жүйе емес, адам мен адамның қатынасы бірінші орында тұрады. Мүмкін, адам мен адамның қатынасы мейірімділікке негізделсе, мұндай жағдай болмас па еді?.. Сондай ой, себебі барлық кейіпкер осы сверхидеяға қарсы шығады.

Біздің бозбала шағымызда заман басқаша болды, ал қазір интернет, смартфон, әлеуметтік желілер адам өмірін, оның өмірге деген көзқарасын өзгертті. Жас ұлғайған сайын, әр нәрсені саралап қарайсың, ал жасөспірімдік психологияда болмашы бір дүние катастрофа болып көрінуі мүмкін. Оның үстіне, бұл кейіпкерлердің өскен ортасы, жасөспірімдердің психологиясы тым жұқалтаң, сондықтан не алапат өртке ұласуы мүмкін, не басылып қалуы мүмкін. Бұл жерде екіншісі агрессия түрінде шығады. Біздің жеткізіп отырған ойымыз дұрыс емес, себебі қаншама оқиға естиміз, балалар, жасөспірімдер төбелесіп, тіпті бір-бірін өлтіруге дейін барып жатады. Соңғы кезде мұндай жағдайлар жиі болып кетті, сол себепті мұны бүгінгі күннің актуалды мәселесі деп ойлаймын.

– Фильм қайда түсірілді және басты кейіпкерлер қай елдің актерлері?

– Фильм толығымен Қырғызстанның Балықчы деген қаласында түсірілді. Қырғызстандық оқиға және Ыстықкөлдің өзінің бір энергетикасы бар. Бірақ сценарий жазу, монтаж толық Қазақстанда жасалды. Былтыр сәуірде бастадық, бір жылға жуық уақытта дайын дүние шығардық. Бес айдай сценарий жазылды, киноға дайындық, кейін бір жарым айдай кино түсірілді, сосын монтаж болды. Жалпы, «Черный двор» сериалы Қазақстан және Қырғызстан нарығына тамаша жастарды ашты деп ойлаймын, ол – біздің бес актеріміз. Сол бес актердің арасынан осы фильм үшін үшеуін таңдадық, олар: Рауан Ахметов, Дамир Амангелді және Айбар Салы. Осы үш актер фильмде басты рөлдерде ойнады, сонымен қоса тағы бір маңызды рөлдердің бірін Қамбар Нұрғали деген жас актер сомдады, ол – он төрт жастағы бала. Ол мұның алдында «Қарға» деген сериалға түскен екен. Қалған актерлік құрам – қырғызстандық актерлер.

– Режиссер ретінде актер таңдауда қандай басты критерийлерді ұстанасыз?

– Кино деген математикалық есептеуге келмейді, оның өзіндік бір магиясы болады. Бір тылсым дүние. Сол тұрғыда мен Рауанды сездім, оған кастинг жайлы да айтпадым, оның кімді сомдайтынын да білген жоқпын, іштей сездім. Сосын ол кастингіге келіп бір пробадан өтті. Мұны энергетикалық тұрғыда ішкі сезім арқылы пайымдау деген дұрыс шығар. Басқа актерлердің де өзіндік оқиғалары бар. Әрине, сыртқы келбетінің өлшемдері бар, мәселен, антропологиялық тұрғыдан типажға келуі керек. Алайда «киногения» деген ішкі бір түсінік бар, яғни кейіпкердің кадрда энергияны ләм деп тіл қатпастан жеткізе алуы. Мен үшін осы – басты критерий. Актердің ішкі дүниесі көрінуі керек, оны көзі арқылы, үнсіздік арқылы жеткізе алуы тиіс. Ал үшінші басты критерий – «диапазон актерской игры», яғни бір моментте бақытты күйден бірден бақытсыз күйге түсе алуы, сол екі эмоция арасындағы диапазоны қаншалықты нанымды болуы өте маңызды.

– Сіздің ойыңызша, бүгінгі қазақ киносына не жетіспейді, кино саласы дұрыс бағытта келе жатыр ма?

– Мен шығармашылық жолымды енді бастап жатырмын, сол себепті мынау дұрыс, мынау бұрыс деп нақты кесіп айта алмаймын. Әрине, біріншіден, қазақ киносына басқа жанрлар жетіспейді. Сериал мен үлкен кино – екі бөлек дүние, соны көрермен дұрыс түсінуі керек. Кино тұрғысынан басқа жанрлар жетіспейді деп ойлаймын. Мысалы, биыл шыққан «Дәстүр» фильмі басқа жанр болды, мұны қазақстандық көрермен үшін өте дұрыс деп ойлаймын. Яғни көрермен ретінде киноға келгенде сенде таңдау болу керек. Барлығы бірдей комедия болғаны дұрыс емес, таңдаудың көбірек болғаны жақсы, осыдан барып бәсекелестік пайда болады. Осы тұрғыдан келгенде, басқа жанрлар болу керек деп ойлаймын. Және біздің фильм сондай мақсаттың (экшн-драма) бірі болды, мұны Қазақстанда соңғы бес жылда түсірілген экшн-драма деп айтсақ болады. Бұл фильм қазақстандық көрермен үшін жаңа жанр ретінде қызық болады деп үміттенемін. Экшн бар, драма бар, махаббат линиясы бар және көрерменге жеткізер ойы да бар. Әдемілеп, әсерлі қылып түсіруге тырыстық.

– Сөз соңында алдағы жоспарларыңыз жайлы бөлісе кетсеңіз?

– Бұл фильм шықпай тұрып, маған басқа да ұсыныстар түсті, әзірге ойланып жүрмін. Менде өзім жасағым келіп жүрген үш идея бар. Тіпті толығымен жазылған бір сценарий де бар, оны былтыр өзім жаздым. Қазір қайсысын таңдауды, қай жанрға баруымды ойланып жүрмін. Негізі, түрлі жанрды, түрлі бағытты көргім келеді. Әрине, ол – драма, бірақ қозғалатын тақырыбы басқаша. Бұған дейін бозбала, жасөспірімдердің психологиясын ашсам, ендігіде маған әйел портреті өте қызық. Елулер шамасындағы әйел өмірі жайлы бір сценарий бар. Бірақ бұл – материалдық тұрғыда «чернуха» емес, толық жағдайы бар жанұядағы отбасылық қарым-қатынас, құндылықтардың ауысуы, отбасылық қарым-қатынастардың өзгеруі, ер мен әйел рөлінің кішкене ауысуы. Осы тақырыпта әйел кейіпкер жөнінде өзіме ыстық бір сценарий бар, соны жасасам деймін.

*   *   *

«Үкім» фильміне келер болсақ, фильм продюсерлерінің бірі Анна Чакиртованың сөзінше, бұл – қазақстандық және қырғызстандық кинематографистердің бірлескен жұмысының нәтижесі.

– Біз халықаралық қақтығыстардың күрделі кезеңінде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан елдер арасында көпір салуға болатынын және қажет екенін көрсеткіміз келеді. Адамдарды дәл жаратылыс сияқты ештеңе біріктірмейді. Аумақтық жақындықты, ұқсас менталитетті және тарихи фонды ескере отырып «Үкім» картинасы біздің елдер үшін тағы бір біріктіруші элемент болуы керек. Фильм нақты оқиғаларға негізделген: Қырғызстанның Тоқмақ қаласында мектеп оқушылары әділдікке қол жеткізген кезде, осындай оқиға болды. Біз соны негізге алдық, – дейді Анна Чакиртова.

Фильмді жасаушылар жобаның басталу себептерінің бірі 2023 жылы сол команда ішінара түсірген Salem Entertainment-тің сәтті «Қара аула» сериясы болғанын атап өтті. Дегенмен авторлар таспаның негізгі хабарын сериалдағыдай жаза емес, кешірім мен мейірімділік тақырыбына жалғаған.

Басты рөлдерде: Рауан Ахметов, Дамир Амангелді, Айбар Салы, Қамбар Нұрғали және Абылай Маратов.

Фильмнің сюжетіндегі басты кейіпкер – Ақтан, ҰҚК қатарына кіруді армандайтын оқушы әділет жүйесінің әділетсіздігіне тап болады. Жергілікті депутат ұлы Аланды қорғау үшін бәрін жасауға дайын. Әділдікке қол жеткізе алмаған Ақтан бала күнгі досы Кубамен бірге сот ғимаратын қарулы шабуыл жасап басып алады.

– Үш айдай дайындалдық, әр сахнаға дайындалдым. Тура осы фильмнің алдында «Алпыс келі» деген сериалға түстім, сол сериал барысында он келідей салмақ тастадым. Ал маған, керісінше, салмақ тура келді, содан екі аптада сегіз келі қостым. «Черный двордан» кейін осындай кейіпкерді сомдауда тәжірибе болды, алайда бұл фильмде моральдық тұрғыдан сомдау сәл қиындау тиді. Сот сахнасы, өлімді көру – барлығына дайындалдық. Қасымдағы әріптестеріммен ойнау мүлдем қиын болған жоқ, себебі үшеуіміз алдыңғы сериалда бірге ойнаған едік те, бір-бірімізді бір көзқарастан, бір сөзден түсініп отырдық. Бір байқағаным – біз бұл фильмде каскадерлік тұрғыда өсіппіз, осы тұрғыда өзіме көңілім толды. Бұл – менің алғашқы басты рөлім, бұған дейін сериалдарда және толықметражды фильмдерде ойнадым, бірақ эпизодтарда ғана ойнадым, – деп бөлісті Ақтан рөлін сомдаған актер Рауан Ахметов.

Фильмнен соң көрермен пікірін білген едік:

– Кино өте жақсы болды, өте эмоционалды, актерлар барлығын жеткізе алды. Жастар түсінеді деп ойлаймын, үнемі комедия көре бергеннен гөрі осындай кинолар да керек шығар арасында. Ой салатын дүние болды, арасында боевик те бар. Жалпы, еліміздің кино саласы дамып келе жатыр, – дейді қала тұрғыны Алуа Сәкенова.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан мен Қырғызстанда көрерменге жол тартқан фильм 4 сәуірден бастап Ресейде прокатқа шығады. Режиссер мырза атап өткендей, бұл – қазақстандық фильмдер арасынан РФ-да үлкен прокатқа шығып жатқан алғашқы фильмдердің бірі.

Түйіндей келгенде, шығармашылық топтың жаңа белестерді бағындыра беруін тілейміз. Қаламызды, жалпы елімізді шетелге танытатын Диас Бертіс сияқты жерлестеріміз көп болсын!

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»