Қарағанды шахталары қатаң тексеріледі
Қарағанды кеншілері үшін қараша қаралы айға айналғалы екінші жыл. Жыл бұрын ғана шахтадағы апат алты кеншінің өмірін жалмаған. Енді, міне, тағы да шахтада үрейлі «үштік» талай адамды үркітті. Үшінші қараша күні түнгі үштен үш минут кеткен уақытта «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Ленин» атындағы шахтасында апатты жағдай орын алды. Оқиға кезінде жер астында 106 кенші болды, жер бетіне аман көтерілгені – 101 адам. Шахта стволындағы жеделсатыда 5 жұмысшы кезекшілік атқарған. Жедел құтқару кезінде алдымен төрт кеншінің денесі табылды. Бесінші адам таңғы сағат 09:09-да табылды. Одан бөлек зардап шеккен 4 адам ауруханаға жеткізілді.
Көмір департаментінің басшылығы газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен метан газы бөлінгенін айтып сендірді. Алайда мамандар, оның ішінде Төтенше жағдай министрі де оқиғаны техногендік апатқа жатқызды. ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі («Тау-кен жұмыстарын немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнына бірден жедел тергеу тобы жетіп, мамандандырылған авариялық құтқару тобы да жұмылдырылды. Қарағанды облысына жедел жеткен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин:
– Апат ошағындағы өрт сөндірілді. Апат орнындағы метан газының концентрациясы 5 пайызды құраған. Ереже бойынша, 4-тен 10 пайызға дейінгі көрсеткіш газдың жарылуға жақын қалғаны деп саналады. Арнайы комиссияның жұмысында осындай мәлімет назарға алынады, – дейді.
«Қолымды мезгілінен кеш сермедім» демекші, тексеру жұмысы тек адам өлімінен кейін ғана жанданады. Әйтпесе өндірісте өлім жағдайы болмауы керектігі аз айтылып жүрген жоқ. Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуінде өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесі өткір тұрғанын арнайы атап өткен болатын.
– Қарағанды – индустриялық жағынан дамыған өңір. Мәселен, тек 2022 жылдың өзінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ нысандарында жұмысшылар өлімінің бірнеше оқиғасы тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті модернизациялауға ұдайы инвестиция салуы керек. Өндірістік жарақаттардың өсуін болдырмауда кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыру бойынша уәкілетті органдар жүйелі шаралар қабылдауы қажет, – деп тапсырма жүктеді.
Мемлекет басшысының өзі «еңбектері ерекше құрметке лайық» деген сол кеншілер өміріне қорған болу мүмкін болмай тұр. Осындайда алпауыт кәсіпорында адам өмірі өтемақымен өлшенетіндей көрінеді. Әйтпесе өткеннен сабақ алар уақыт жетті емес пе?! Сандарға қарасаң, сағыңды сындыратындай. Тәуелсіз Қазақстан тарихында отандық шахталарда 12 апат орын алып, 160 адамның өмірін жалмады.
Өткен жылғы қарашада «Абай» шахтасында болған қайғылы жағдайдан кейін келісім комиссиясы құрылып, кеншілер еңбек шартында нақты 12 талап қойған еді. Соның негізгісі нақ осы өндірістік қауіпсіздіктің қамтылуы болатын. Жергілікті билік пен компания өкілдері болып шегендеген сол шарттар қағаз жүзінде ғана қалған сыңайлы. Салдарын уақыт өзі көрсетті.
Ал «Ленин» шахтасында Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары жазатайым 3 оқиға тіркелді: 1995 жылы 13 адам, 2006 жылы 41 адам, 2022 жылы 5 адам қайтыс болды. Соңғы оқиғада қырға аман шықпаған бесеудің ең жасы, небәрі 26-дағы Марғұлан Ынтыбековтің аталған шахтаға жұмысқа орналасқанына екі-ақ ай болған. Еңбек өтілі 8-21 жылға дейінгі қаза болған кеншілер: 42 жастағы Андрей Санжаров, 38 жастағы Денис Инкин, 32 жастағы Дмитрий Бойченко және Арман Қашкей 29 жасында марқұм болды. Ал Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың Нейрохирургия орталығының басшысы Ғабит Махамбаевтың айтуынша, оқиға орнында уланған және түрлі жарақат алған төрт кеншінің жағдайы қалыпты. Екеуіне ота жасалып, сәтті өтті. Қажетті емдерін қабылдауда.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, Үкімет пен Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау жөнінде жедел шаралар қабылдауды және қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасындағы қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдіре отырып, мемлекет аса қатаң шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті.
– Біз осы компанияның басшылары мен құрылтайшыларына қойылатын талаптарды біздің заңнамаға сәйкес келетіндей етіп өзгертуіміз керек және осыған байланысты санкцияларды күшейту керек. Біз олардың кәсіпорнының жай-күйі мен ондағы еңбек жағдайын заманауи талаптарға сәйкестендіруін қамтамасыз етуіміз керек. Қауіпсіздік – инвесторлар мен кәсіпорын басшылығына қойылатын ең маңызды талаптарымыздың бірі, – деді Қайрат Қожамжаров пленарлық отырыс барысында.
Депутаттар ірі кәсіпорындарда мемлекеттік инспекторлардың ескертусіз тексерістерін заңдастыру керек деген ұстанымда. Өйтпеген жағдайда бір ай бұрын алдын ала хабарланып жүргізілетін тексерістің түк таппасы анық. Бұдан бөлек «қара алтынның соңында жүрген талайдың өмірін қыршыннан қиған шахта жабылсын» деген әңгіме де өрбіді. Бірақ шахтаны жабумен мәселе түйіні шешілмейді. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек те атап өтті:
– Бұл шахтадан әлі де 10 млн тонна көмір өндіруге болады. Жылына 1 млн-нан өнім алған күннің өзінде әлі 10 жыл өндіріс тоқтамайды. Бұл жерде басты мәселе құрылғыны жаңартуға қатысты болуы керек.
Әкімнің бұл ойын «Көміршілер салалық кәсіптік одағы «ҚАЗАҚ КӨМІР КӘСІПОДАҚ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Миргаязов та құптайды. Кен орнын қауіпсіз етудің жалғыз амалы – инвестициялық қаржыны қажетінше құю, бірақ АМТ-ның құрылғы жаңартуға жұмсайтын қаржысы көлге тамған тамшыдай ғана. Оның дәлелі – жыл құрғатпай тіркеліп отырған төтенше жағдайлар. Бұл жолы тағы да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің басшылығы қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетілетінін үйреншікті тәсілмен атап өтті. Өткеннен сабақ алғызбайтын өтемақы, келеңсіздікті кемітпейтін бұл көмек кімге керек?! Компания мәліметінше, қаза болған кеншілер отбасына материалдық көмек қарастырылған. Олардың әрқайсысына 10 жылдық жалақы төленеді. Қарызы мен несиесі жабылады. 5 қарашада 5 кеншіні ақтық сапарға шығарып салды. Бүгінде үкіметтік комиссия төтенше жайттың себептерін анықтауда.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»