Қарағанды құрамасы 31 алтынмен көш бастады
Қарағандыда «Кеншілер астанасының кубогы» үшін киокушинкай каратеден ауқымды жарыс өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 2 500-ге жуық үздік спортшы бас қосты. Турнир барысында әр жас және салмақ санатында мықтылар анықталып, жеңімпаздарға халықаралық жарыстарға қатысуға жолдама берілді. Екі күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша қарағандылық спортшылар жалпы 31 алтын медаль жеңіп алып, аймақ абыройын асқақтатты.
Киокушинкай каратэ – күш пен төзімділікті талап ететін, әлемдегі ең танымал жекпе-жек өнерлерінің бірі. Бұл спорт түрінің басты ерекшелігі – қарсыласқа нақты әрі қуатты соққы жасау техникасында. Сонымен қатар мұнда спортшының физикалық дайындығымен қатар психологиялық беріктігі де үлкен рөл атқарады. Әрбір жаттығу мен жарыс олардың шеберлігін шыңдап, рухани тұрғыдан нығайтады. Осы турнирде де қатысушылар өз мүмкіндіктерін толық көрсетіп, нағыз күрескер екенін дәлелдеді.
«Бүкілқазақстандық көкушинкай каратэ ұйымы» РҚБ президенті Тәжімұрат Найзабеков Қарағанды киокушинкай мектебінің республикадағы жетекші орындардың бірін иеленетінін атап өтті. Оның айтуынша, өңір спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бұл – тәжірибелі жаттықтырушылардың кәсіби жұмысы мен жүйелі дайындықтың нәтижесі.
Қарағанды облыстық каратэ филиалының директоры Тимур Райымбеков те жарысқа дайындықтың жоғары деңгейде өткенін жеткізді.
– Біз екі ай бойы тыңғылықты дайындалдық, бірнеше оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Достық спорт базасында және қаладағы түрлі спорт залдарында тұрақты түрде жаттықтық. Әр салмақта бізге бұрыннан таныс, тәжірибелі қарсыластар бар. Сондықтан әр спортшымыз тактикалық тұрғыда дайын болды. Бүгінгі нәтижелер соның жемісі, – деді ол.
Турнирге қатысқан жас спортшылардың бірі, қара белбеу иегері Данияр Абдрахманов каратэмен тоғыз жылдан бері айналысып келеді. Ол 18 жасқа дейінгі және 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, үш жекпе-жек өткізіп, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
– Дайындық өте қарқынды өтті. Жаңа жылдан кейін бірден оқу-жаттығу жиындарын бастап, күн сайын жаттықтық. Қарсыластарым да өте мықты болды. Әр жекпе-жек үлкен тәжірибе сыйлады, – деді жас спортшы.
Жарыс қорытындысына сай қарағандылық каратэшілер жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Бұл турнир Қарағандыдағы киокушинкай каратэ мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, өңір спортшыларының болашақта халықаралық ареналарда да ел намысын абыроймен қорғай алатынын көрсетті.


