Қарағанды облысында заңсыз майнинг фермасы анықталды

Қаржы мониторингі органдары Қарағанды облысында заңсыз майнинг фактісін анықтады.

— Мемлекет басшысының майнинг өндіруші шаруашылықтарды анықтау тапсырмасын орындау шеңберінде ҚМА Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті майнингтік шаруашылығын пайдалануға 4 контейнер (40 тонна) тартылғанын анықтады, оларда майнинг өндіруге арналған 1 173 техника болған. Барлық жабдықтардың құны 5,87 миллион АҚШ доллары немесе 2,5 миллиард теңгеге жетеді, — делінген хабарламада.

ҚР Президентінің «Сарыарқа АЭА құру туралы» Жарлығының, сондай-ақ «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» ҚР Заңының талаптарына қарамастан АЭА аумағында майнинг фермасы заңсыз орналастырылған.

Айта кету керек, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы әр түрлі жабдықтар, машиналар мен техникалар шығару, металлургия өнеркәсібі, құрылыс, электр қуатымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны баптаумен қамтамасыз ету үшін құрылған.

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Тергеу жұмыстары жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде орай жария етілмейді.

Бұған дейін Ақмола облысында тау-кен фермасын КЕGОС желілеріне заңсыз қосу фактісі анықталған болатын.

Ақпан айының басында Президент Қасым- Жомарт Тоқаев Қазақстанда майнинг салығын еселеп арттырып, барлық майнингтік фермаларды тексеруді тапсырды.

Айта кетейік, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин цифрлық майнинг бойынша негізгі шаралар 3 бағытта жүргізілетінін айтты.

— «Сұр майнерлерге» қатысты Энергетика министрлігі және құқықтық органдардан құрылған мобильді топтардың револьверлік тексеру жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ оларды жүйелі түрде анықтау үшін ұйымдардың тізімі жасалып, тұтынылатын электр энергиясының тарихи деректері құрылады және салықтық, кедендік тексерулердің нақты алгоритмі қолданылады, — деді министр.

Сонымен қатар уәкілетті органдармен бірлесе отырып, ІР адрестерге шектеу қою арқылы «сұр майнерлердің» ісәрекетіне тыйым салу тетіктері пысықталады.

— Сондай-ақ тиімді шешімдердің бірі — «сұр майнерлердің» мүлкі тәркіленуін заңнамада қарастыру мәселесі талқыланады. Аталған шаралар Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Энергетика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп қабылданады. Нарықты реттеу бойынша цифрлық майнингті лицензиялау енгізіледі. Мұнда негізгі критерий — техникалық талаптарға сәйкес болу, яғни қажетті жабдықтардың, өрт қауіпсіздігі бойынша тиісті бөлменің және міндеттемелердің болуын қарастыру, — деп атап өтті Цифрлық даму саласының басшысы.

Сонымен қатар арнайы тарифті енгізу, электр энергиясын квоталау жүйесі нарық мүшелері мен жалпы мемлекет үшін ашық және түсінікті нарық қағидаттарын орнатады.

— Халықаралық тәжірибені ескере отырып, салық салудың оңтайлы жүйесі айқындалады. Сондай-ақ ESG талаптарын сақтау тұрғысынан «ақ майнерлерге» қарсы міндеттемелер қойылады. Цифрлы активтер жөніндегі заң жобасына Мәжілістің бір топ депутаты бастамашы болған еді. Бұл іс-шаралар аталған заң жобасының аясында талқыланады, — дейді Бағдат Мусин.

Одан бөлек, елімізде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін криптоиндустрия саласын дамыту үшін экожүйе құру бойынша шаралар қабылданады. Атап айтқанда, криптобиржаларды құру, криптобиржа қатысушылары үшін банктік қызмет көрсетуді іске қосу және майнингтік пулдарды құру.

Министрдің айтуынша, бұл шаралар нарықта нақты және айқын ережелер орнатуға, электр желісінің шамадан тыс жүктелуін болдырмауға және майнингтік фермалардың көпшілігін «сұр аймақтан» шығаруға оң әсерін тигізеді.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»