Қарағанды облысындағы түрмелерде кітап оқитындарға жеңілдік жасалады
Қарағанды облысындағы бас бостандығынан айыру мекемелерінде жазасын өтеп жатқан кітапқұмар адамдарға жеңілдік жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде жазасын өтеп жатқандар қазір шартты түрде мерзімінен босату жөнінде өтініш беруді көздеп отыр. Олардың көпшілігі «Шекарасыз оқу» пилоттық жобасына қатысқандар.
Биылғы жылдың қаңтар айында Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде «Шекарасыз оқу» пилоттық жобасы іске қосылды. Оның мақсаты сотталғандарды оқу мәдениетіне баулу, қамауда отырғандардың сауатын артыру, сол арқылы олардың түзелуіне жағдай жасау және ынталандыру болып табылады.
Биылғы жылдың 26 наурызында облыс бойынша мекемелерде пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі комиссиялардың бірінші отырысы өтті. Құрамына мамандандырылған прокуратураі, қоғамдық бақылау комиссиясының өкілдері, қазақ және орыс әдебиетінің оқытушылары кірді.
Қоғамдық тыңдаудың бірінші отырысына 48 сотталған қатысты. Пилоттық жобаның шарттарына сәйкес жазасын өтеушілер ұсынылған көркем әдебиет шығармаларын оқып, қайталап, жеке әсерлері, нақты оқылған кітапқа қатысты пікірлері бар эссе ұсынды, сонымен қатар қойылған сұрақтарға жауап берді. Комиссия оқу мәдениетінің дәрежесін, оның ішінде негізгі ойды түсіну, бөліп көрсету, бұрын оқылғанмен салыстыру, жеке қасиеттердің дамуын бағалады.
«Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД басшылығына аталмыш жоба үшін алғыс айтқым келеді. Соның арқасында менің мүгедек жұбайым шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш бермек», — деп хабарлады АК-159/7 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушының жұбайы.
Жоба комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша 30-дан астам сотталған адам марапатталды.