Қарағанды облысындағы мемлекеттік қызмет сапасына сенаторлық бақылау

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешов өңірдегі мемлекеттік және сервистік қызметтердің жұмысымен танысу мақсатында Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігіне ерекше назар аударып, бірқатар маңызды орталықтың жұмысын көзбен көрді.

Қарағанды облысында халықтың әр жас санатына арналған әлеуметтік қызметтердің тиімділігі артып келеді. Жұмыс сапары аясында делегация екінші қабатта орналасқан бірқатар бөлімдердің қызметімен танысты. Еңбек мобильділігі орталығы, жастар ресурстық орталығы мен белсенді ұзақ өмір сүру орталығы – тұрғындарға кешенді қолдау көрсетіп, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамаларды жүзеге асырып отыр.

– Қарағанды облысында азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік және сервистік қызметтер жаңа сапалық деңгейге көтерілген. Бұл – аймақта жүргізіліп жатқан ауқымды цифрлық өзгерістердің нақты нәтижесі. Халыққа қолжетімді, жедел әрі сапалы қызмет көрсету – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі, сондықтан осы саланың дамуы жіті бақылауда болуы тиіс, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешов.

Қарағанды облысындағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы да сенаторлық сапар аясында назарға алынды. Автокөлік тіркеу мен жүргізуші куәліктерін беру сынды қызметтер мұнда «Бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылады. Жаңғыртылған инфрақұрылым мен цифрлық шешімдер халыққа қызмет көрсетуді жеңілдетіп, үдерісті барынша жеделдетуге мүмкіндік беруде. Сенатор бұл тәжірибені тиімді үлгі ретінде атап өтті.

– Орталыққа жасалған сапар барысында заманауи инфрақұрылымның қалыптасқанына көз жеткіздік. Әсіресе, «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының мүмкіндіктері жоғары бағалауға лайық. Мұнда автокөлікті тіркеуден бастап, жүргізуші куәлігін рәсімдеуге дейінгі барлық қызмет ыңғайлы әрі ашық форматта жүзеге асады. Бұл халықтың уақытын үнемдеуге, қызмет сапасына деген сенімді арттыруға зор үлес қосады, – дейді халық қалаулысы Серік Өтешов.

Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатқан цифрлық форматтағы қызметтер – елдің технологиялық дамуына бағытталған жүйелі өзгерістердің көрінісі. Сенатор Серік Өтешовтің айтуынша, бұл бастамалар қарапайым халықтың күнделікті өмірін жеңілдетіп, цифрлық теңдікті қалыптастыруға жол ашады. Қарағандыда қолға алынған оң тәжірибе – Қазақстанның цифрлық болашағына берік негіз қалайды.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»