Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық маусым және алдын алу шаралары

Қарағанды облысында эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері (1 қазаннан 17 желтоқсанға дейін) жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) бойынша 38 443 жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,6%-ға жоғары. Сырқаттанушылықтың негізгі бөлігі, яғни 58%-ы, 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалады. Сонымен қатар, тұмаудың (А1) зертханалық расталған 8 жағдайы тіркеліп, олардың 5-еуі 14 жасқа дейінгі балаларда анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгин айтып берді.

-ЖРВИ-мен қатар, аймақта тұмауға қарсы емес вирустар (риновирус, РС вирусы, аденовирус) айналымда, олардың үлесі зерттелген сынамалардың 38%-ын құрайды. Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияның 95 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 90%-ға төмендегенін көрсетеді, -деді спикер.

Тұмау мен ЖРВИ-дің қауіптілігі

Тұмау – өте жұқпалы вирустық ауру. Ол тыныс алу жолдары арқылы таралады және балалар ұжымдарында жылдам өршиді. Тұмау ауруы ауыр асқынуларға (пневмония, бронхит, жүрек және бүйрек зақымдануы) әкелуі мүмкін, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін аса қауіпті.

Вакцинация және алдын алу шаралары

Қарағанды облысында маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары аяқталып, халықтың 14,6%-ы қамтылды. Бұл ұсынылған 10%-дық көрсеткіштен жоғары. Вакцинация әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар, жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері және балалар арасында жүргізілді. Вакциналау аурудың ауыр өту қаупін төмендетеді.

Алдын алу ережелері

ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін келесі ережелерді сақтау маңызды:

Қоғамдық орындарда болуды шектеу;

Маска тағу;

Қолды жиі жуу және дезинфекциялау;

Бөлмелерді желдетіп, ылғалды тазалау жүргізу;

Дұрыс тамақтану және иммунитетті қолдау.

Сонымен қатар басқарма басшысы Жаңа жыл қарсаңында тағамдық улану мен инфекциялардың алдын алу үшін санитарлық ережелерді сақтау қажет екенін атап өтті.

-Алдымызда көптеген мерекелер, Жаңа жыл мен Рождествоны тойлауға арналған корпоративтік кештер күтіп тұр. Мерекелік дастархан түрлі дәмді тағамдарға, оның ішінде ет және сүт өнімдеріне, көп компонентті салаттарға, кремді-кондитерлік өнімдерге, жемістерге толы болады. Осы орайда, сақтау және дайындау кезінде санитариялық талаптар бұзылған жағдайда, жеке гигиена сақтамалмаса тамақтан улануға әкелуі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде өз бетімен емделмей, дереу медициналық көмекке жүгініңіз, себебі уақтылы және дұрыс емделмеген жағдайда ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Мамандардың ұсыныстарын орындау, Сізге тамақтан улануды болдырмауға көмектеседі,  -дейді Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгин.

Уланудың алдын алу үшін мына қарапайым ережелерді ескерген жөн:

Тез бұзылатын тағамдарды ұзақ сақтамау;

Өнімнің жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын тексеру;

Көкөністер мен жемістерді мұқият жуу;

Тамақ дайындау кезінде гигиенаны қатаң сақтау.

Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында балаларға арналған тәтті сыйлықтар үлкен сұранысқа ие, олардың ассортименті дүкен сөрелерінде өте көп. Арнайы зерттеулер жүргізбестен, сатып алушыға қауіпсіз тамақ өнімдерін таңдау қиынға соғады, осыған байланысты Департамент, тәтті сыйлықтарды таңдағанда келесідей негізгі ережелерді сақтауды ұсынады:

Сыйлықтардың қаптамасы бүтін болуы және жарамдылық мерзімі көрсетілуі тиіс;

Ойыншықтарда өткір жиектер мен жағымсыз иіс болмауы керек;

Балаларға арналған өнімдер сертификатталған және қауіпсіз екеніне көз жеткізу маңызды.

Жоғарыда аталған барлық ұсыныстарды сақтау – денсаулықты қорғаудың және мерекелік кезеңді қауіпсіз өткізудің ең тиімді жолы.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»