Қарағанды облысынан тағы да алапат өрт шықты
Қарағанды облысында «Арселор Миттал Теміртау» компаниясынан тағы да алапат өрт шықты, деп хабарлайды 31-арна. «Саран» шахтасындағы технологиялық кешеннің екі ғимаратының тасымалдаушы таспасы мен ішкі ағаш қаптамасы толық жанып кеткен. Бұл «Арселор Миттал Теміртауда» жыл басынан бері болып отырған төртінші апат.
Қызыл жалынның қатты болғаны сонша, тіпті ұзындығы 27 метр болатын екі ғимарат құлап кеткен. Бұдан басқа соңғы үш айдың ішінде Арселор Миттал Теміртаудың үш кәсіпорнында бірнеше рет өрт пен жойқын апат болды. Соның салдарынан екі кенші көз жұмған еді. Ал бүгін, жыл басында болған «Ленин» шахтасындағы жарылыстың тексеру нәтижесі шықты.
КЕҢГІРБАЙ ЕСЕНЕЕВ, Қарағанды облысы өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары: – Тексеру аяқталды. Бұл факті бойынша «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылығы кінәлі деп танылды. Олар кеншілерге өндірістік бақылауды қамтамасыз етпеген. Қазір істі полиция департаменті мен прокуратураға жібердік.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіндегілер «Арселор Миттал Теміртау» шахталарындағы өндірістік жабдықтардың 70 %-ы ескі екенін айтады. Сөздерінше, кен орындарында қолданылып жүрген құрал-жабдықтар кеңес заманынан пайдаланып келеді. Ең сорақысы, бір де бір мемлекеттік органның өндіріске сараптама жасауға құзыреті жоқ екен. Тәуелсіз сарапшылар «Арселор Митталдың» қалауымен сараптама жасайды дейді департаменттегілер.