Қарағанды облысында тағы бір Медицина үйі пайда болды
Қарағанды дәрігерлерінің көптен күткен арманы орындалды. Медицина қызметкері күні қарсаңында 94 жас маман қызметтік пәтер кілтін алды. Тұрғын үй дәрігерлер арасында 12 медициналық ұйымға бөлінді.
Қоныстанушыларды Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев және ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құттықтады.
– Құрметті медицина қызметкерлері, еңбектеріңіз үшін зор алғыс айтамыз. Президент жергілікті әкімдіктерге сіздерге барлық жағдай жасауды тапсырды. Осы ретте биыл біз 220 пәтер береміз. Дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасатын болады. Сіздерге денсаулық және жаңа баспанада тек шаттық тілейміз! – деді аймақ басшысы.
– Кәсіби мереке қарсаңында біз осындай керемет іс-шараға жиналдық. Мен кілттерді тапсыруға арнайы келдім. Бүгін біз денсаулық сақтау қызметкерлеріне жергілікті биліктің қандай әлеуметтік қолдау көрсететінін көріп отырмыз. Көп нәрсе, әрине, облыс әкімдеріне байланысты. Аймақтарыңызда дәрігерлерге осындай қолдау көрсетілетіні қуантады. Жаңа пәтерлерде бақыт орнасын! – деп Ақмарал Әлназарова қоныстанушыларды құттықтады.
Қарағандыдағы дәрігерлерге қызметтік тұрғын үй ретінде бұрынғы Облыстық балалар ауруханасының ғимараты толығымен қайта салынды. Күрделі жөндеу жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілді. Пәтерлердің жартысы бір бөлмелі, қалғаны екі бөлмелі. Барлық пәтер жөндеуден өткізілген күйінде тапсырылды. Жиһаз, қажетті тұрмыстық техника да бар.
Қызметтік пәтердің бақытты иегерлерінің бірі – №3 көпсалалы аурухананың анестезиолог-реаниматологі Онласын Тоқаев және Jysan Med емханасының онкологі Жазира Науқанова.
– Мұның бізге бұйырғанына әлі сенбейміз. Мұндай пәтерлер жайлы әрі жарық. Көптен бері өз үйімізді армандадық. 2023 жылдың қазан айында үйленіп, пәтер жалдауға тура келді. Жас мамандардың бюджеті үшін бұл қымбатқа түседі. Өтінім ақпан айында берілді және ол өтінішіміз мақұлданды. Эмоциямыз әлі де керемет, ішімізге сыймай тұр. Бұл – біз үшін барынша беріліп жұмыс істеуге үлкен түрткі, өйткені біз жұмыстан соң осындай жайлы баспанаға ораламыз. Тағы бір жақсы жағы – үйіміз қала орталығында орналасқан. Біздің арманымызды жүзеге асырған мемлекеттік органдарға рақмет, – деді Онласын Тоқаев.
Бұған дейін Бұқар жырау ауданы Доскей ауылындағы жөндеуден өткен үйден 40 медицина қызметкерінің отбасына қызметтік пәтер берілген болатын.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ақпараты негізінде