Қарағанды облысында құтқарушы-жасақтар суда демалушылардың қауіпсіздігін қадағалайтын болады

Қарағанды облысында жұмыссыздар арасынан 76 қоғамдық құтқарушы дайындалды. Олар коммуналдық және жеке жағажайларда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Тәжірибе болашақта кеңейтілмек. Құтқарушы-жасақтар кезекшілік ететін бекеттер құру ұсынылды.

Шомылу маусымы жайлы облыстық ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов аппараттық кеңесте баяндады.

Су айдындарында рейдтер, акциялар өткізумен профилактикалық жұмыс күшейе түсті, деп атап өтті ол. Судағы қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат қоғамдық орындарда таратылады. Бейнероликтер әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде орналастырылады.

Өткен жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалардың саны азайды, бірақ суда өлім жағдайлары орын алуда.

– Шомылу маусымы басталғаннан бері облыстың су айдындарында 5 адам суға батып кетті, олардың екеуі кәмелетке толмағандар. Барлық жағдайлар шомылу үшін белгіленбеген, тыйым салу белгілері бар жерлерде орын алды, – деді Мұрат Қатпанов.

Айтуынша, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзушыларға 2,7 млн теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды.

Облыста қосымша коммуналдық жағажайлар құру жұмыстары жүргізілуде. Осакаров ауданында оларды Тоқсұмақ және Қаракөл көлдерінің, сондай-ақ Есіл су қоймасының жағалауында ұйымдастырады. Мұрат Қатпанов Шет ауданын мысалға келтірді, онда коммуналдық жағажайдағы құтқару бекеті ТЖ бөлімінің ұсыныстарына толық сәйкес келеді.

Кеңесте су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірқатар қосымша шаралар ұсынылды.

– ТЖД қалалар мен аудандардың әкімдерімен бірлесіп коммуналдық жағажайларды құру және жабдықтау жөніндегі жұмысты жалғастыруы керек. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, үнемі профилактикалық және ақпараттық жұмыстар жүргізу қажет. Сонымен қатар бақылау қажет. Рейдтерді жалғастырып, тәртіп бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып патрульдеу керек, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды облысы әкімдігі сайтының ақпараты негізінде