Қарағанды облысында әскери бөлім жасыл желекке оранды

Қарағанды облысында Жеңістің 80 жылдығына арналған игі бастама жүзеге асты. «Таза Қазақстан 2025» республикалық акциясы аясында 31775 әскери бөлімінің аумағында жасыл желек отырғызу шарасы өтті. Бұл қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, патриоттық рухты арттыруға бағытталған мағыналы шара болды.

Шараға ауылшаруашылығы саласының ардагері, қоғам белсендісі, көгалдандыру ісінің шебері Сәкен Келдібаев, «Geren Eco» жылыжай кешенінің басшысы Татьяна Кудряшова, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, әлеуметтік комиссия төрайымы Қадиша Оспанова, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Серікжан Байбосынов, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Меруеш Башай арнайы қатысты. Шараға қатысушы шенділер, жас сарбаздарды – жасыл болашақтың тірегі деп атап өтті. Бұл күні әскери бөлімнің «Батырлар аллеясына» бірнеше көктерек ағашы отырғызылды. Шара барысында әскери бөлімнің сарбаздары отырғызылған ағаштарды алдағы уақытта күтіп-баптау жұмыстарын өз мойындарына алатындықтарын жеткізді. Ағаш отырғызу рәсімі патриоттық тәрбие мен экологиялық мәдениетті ұштастыра отырып өткізілді. Шараға қатысқан шенділер жастарға ел мен жерге деген сүйіспеншілікті нақты әрекет арқылы білдірудің маңыздылығын атап өтті. Олар бұл бастама болашақ ұрпақтың бойында жауапкершілік пен қамқорлықты қалыптастырудың бірден-бір жолы екенін айтты.

– Әр отырғызылған ағаш – бейбіт күннің символы. Жасыл желек отырғызу – бұл жай ғана табиғатқа қамқорлық емес. Бұл – тарих пен болашақты сабақтастыратын символдық қадам. Бүгінгі күні сарбаздар өз қолымен отырғызған әрбір ағаш – бейбіт өмірге, тиянақты тәрбиеге және туған жерге деген құрметтің белгісі. Бұл арқылы біз жас буынға қоршаған ортаға жанашыр болуды, елді қорғау тек қарумен ғана емес, іс-әрекетпен де жүзеге асатынын ұғындырамыз, – деді 31775 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Шерхан Балтабай.

Оның айтуынша, тәрбие жұмыстары тек саптық дайындықпен шектелмей, сарбаздардың азаматтық белсенділігі мен экологиялық мәдениетін дамытуға да бағытталады. Еліміздегі сенбіліктер – ұлттық сана мен табиғатты қорғаудың тоғысы «Таза Қазақстан» акциясы еліміз бойынша кең көлемде өткізіліп жатқан маңызды бастамалардың бірі. Қарағанды облысындағы бұл шара – соның айқын дәлелі. Табиғатты аялау, жасыл желекке қамқор болу – бұл ұлттық тәрбие мен экологиялық жауапкершіліктің түйісер тұсы. Келешек ұрпақ үшін жайлы және жасыл орта қалдыру – әр азаматтың парызы. Бұл жолда әскери қызметкерлердің де өз үлесін қосуы – мақтан тұтарлық үлгі.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»