Қарағанды облысында салық мөлшерлемесі азайды
Қарағанды облысының қала және аудан мәслихаттары кәсіпкерлер үшін маңызды шешім қабылдады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың бастамасы бойынша оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимінің мөлшерлемесі 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілді. Жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді.
Бұл шара бизнес үшін салықтық жүктемені жеңілдетіп, кәсіпкерлерге шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Үнемделген қаражатты олар өз қызметін кеңейту мен дамытуға бағыттай алады.
– Бұл шешім Қарағанды қаласында тіркелген 43,7 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерін қамтиды. Қабылданған норма өңірімізде бизнес ашудың тартымдылығын арттырып, салықтық жүктемені едәуір төмендетеді, – дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Дәуір Құрманғалиев.
Айта кетейік, Қарағанды облысы екі жыл бұрын елімізде алғаш болып бөлшек сауда салығының төмендетілген мөлшерлемесін енгізген. Бұл тәжірибе тиімділігін көрсетті: кәсіпкерлер саны артты, ал ШОБ секторынан түсетін салықтық түсімдер ұлғайды.
Қарағанды облысында кәсіпкерлікті қолдау өңірдің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

